СҚО-да көктайғақтан құлап жарақат алғандар саны артып отыр

Петропавлдағы көктайғақ тұрғындарды әбігерге салды. Көшедегі қардың күрелмеуі салдарынан көлік қатынасы қиындаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарақат алғандар саны да артып отыр. Тұрғындар коммуналдық қызметтің жұмысына наразы. Мысалы, қала тұрғыны Венера Далакян көктайғақта тайып жығылып, аяғын ауыртып алған. Дәрігердің қарауына тек екі күннен кейін келді.

Венера Далакян, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Жұмыстан шыққаным сол еді, құладым. Аяғымды қайырып алдым. Алғашында ауырмаған соң кеш қаралып жатырмын. Жалпы көшеде жүру қиындап кетті. Айнала мұз. 

Соңғы бір аптада травмотология бөлімшесіне 300-ден астам адам жүгінген. Олардың жастары да, алған жарақаттары да әр түрлі.

Валерий Грибашов, қалалық №3 ауруханасы травмотология пунктінің меңгерушісі:

– 322 науқастың 66-ы сүйектерін сындырып алған. Соңғы кездері иығымен жамбастарын жарақаттаған азаматтардың саны артып отыр. Қазір күніне біз орта есеппен 7-8 операция жасаймыз. Жолдар дұрыс тазаланбайды, бәрі соның кесірі. Сондықтан сақ болғанымыз жөн.

Жолдардың уақытылы тазаланбауы тұрғындардың берекесін қашырды. Көктайғақ жаяу жүргіншілердің де, көлік жүргізушілердің де берекесін қашырды. 

Гаухар Нұрмұқанова, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Тұз сепкендерін не құм сепкендерін көрген жоқпын. Тайғанақ, жүру өте қиын. Кібіртіктеп, ақырын аяңдап жүресің. Мынау кәдімгі мұз. Әсіресе автобустан түскенде тайғанап, құлап қала жаздайсың. Зорға дегенде түсесің.  

Талғат Ахметжанов, жүргізуші:

–Занос беріп жатыр. Апаттан апат. Таңертең себеді, сосын мүлде сеппейді. Міне, бәрі жалтырап тұр ғой.

Құм себу  былай тұрсын, қалада қар тазалау жұмыстары да мардымсыз.

Самат Қайырденұлы, тілші:

Өздеріңіз көріп тұрсыздар, коммуналдық қызметтің қалай жұмыс істейтінін. Арнайы техника ақ ұлпаны жолдың жегіне үйіп тастаған. Негізінен бұл қарлар сыртқа шығарылуы керек.

Қала тазалығына жауапты компаниялар жұмысын жандадырмаса,  әкімдікпен жасалған келісімшарт бұзылуы мүмкін.

Әсем Айтолла, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Жаяу жүргінші жолдарын, саябақтарды уақытылы дұрыс тазаламағандығы үшін бізде жылдың басында «Коммунхоз» серіктестігіне ескерту жасалды. Егерде болашақта осы ескертулерін дұрыстамаған жағдайда олармен келісімшартты тоқтату бойынша сұрақ қаралатын болады. Бүгінгі таңда 150 техника бар. Оның барлығы GPS қондырғылармен қамтылған. Бұл ең алдымен олардың жұмыстарын түнгі уақытта онлайн режимде бақылау үшін арнайы жасалып отыр. 

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілердің мәліметінше, облыс орталығынан бүгінге дейін 200 мың текше метр қар сыртқа шығарылған.

Авторлары: Самат  Қайырденұлы, Руслан Әлиев