Атыраулық шаруалар мемлекет қолдауына зәру

Атырау облысының шаруалары төрт түлік малға дайындаған жем-шөбіне субсидия ала алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнайлы өңірде қазір 3 мыңдай шаруашылықтың 317-і ғана шығынын мемлекет есебінен қайтарып алған. Қалғандары әлі құжат толтырып, құзырлы мекемелерді жағалап жүр. Батыс Қазақстан облысымен шектесіп жатқан Индер ауданы малға бай өңір. Мұнда төрт түліктің қай түрін түлетемін десе де жағдай жеткілікті. Тек қинайтыны 7 жылдан бері қуаңшылық жайлаған ауданда қолдағы түлікке жем-шөп тауып беру өзекті проблемаға айналып барады. Мұнда қазір ірілі ұсақты 400-дей шаруа қожалығы бар. Соның тек 20 проценті ғана мал азығына кеткен шығынды қайтарып алуға қол жеткізіпті. Қалғаны мал басын азайтудан басқа амалы қалмаған.

Әлібек Маратұлы, шаруашылық жетекшісі:

– 125 рулон, 600-дей пресс, сосын бостай шауып алдық. Өз техникамызбен. Субсидия алмаймыз. Себебі біздер құжаттарын толтыру білмейміз. Үкіметтен көмек болса, қойды көбейтуге болады. Осы жерде 1000 гектардай жеріміз бар, жайлауымызда тағы 1000 гектар. Ол жақ бос тұр мал болмағасын.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Осы тұрған 70 шақты қой-ешкі бір қыста 100 рулондай шөп-жеп шығады екен. Ал ол дегеніңіз 800 мың теңгедей ақша. Оны қазір сатып алатын болса, 1 рулоннның бағасы 12 мың теңгеге кетіп қалған. Сол себепті қазір шаруашалықтар мемлекеттен көмек ала алмағандықтан мал басын азайтуға көшіпті.

Субсидия алу мәселесін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шешеді. Біз аралап көрген Индер ауданына 2021-2022 жылға 114 млн теңге субсидия қаралыпты. Оның тек 58 млн теңгесі ғана ірі сабақты шөп дайындаған шаруашылықтардың шығынын жабуға бөлінген. Шығыны төленбесе де аудан қысқа қажетті 65 мың тонна мал азығын дайындап алған. Шаруалардың ала жаздай еңбегі мен техникалық шығынын өтеуге мелмекет асығар емес. Субсидия алуға өтініш білдірген 67 шаруашылықтың тек 30 ғана субсидияға қол жеткізіп отыр. Себебі көбінің құжаттары стандартқа сәйкес емес дейді мамандар.

Абай Әбдіров, Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

– Бұл жерде шаруашылықтардың өздері құжаттарды уақытылы толтырмайды. Ең басты мәселе шаруа қожалық сатып алынған шөпке счет фактура сұрап тұр. Шөпті сатып алғанда счет фактура керек болады. Олар келісім шарт сұрайды, оны тек қана ірі компаниялар, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктер ғана бере алады. Ал ұсақ шаруалар бере алмайды. Біздер ұсыныс дайындап жатырмыз. Счет фактураны алып тастау жөнінде.

Атырау облысының ауыл шаруашылығын субсидиялауға мемлекеттен бар болғаны 703 млн теңге бөлініпті. Оның басым бөлігі мал басын асылдандыруға төленетін өтемақы. Ал биыл дайындалған 569 мың тонна ірі сабақты шөптің өтемақсын көпшілігі ала алмай отыр. Облыс шаруалары 30 мың тонна құрама жемге тапсырыс берген. Оның 1 тоннасы 85-95 мың теңге шамасында. Шаруаның шығынын кім, қашан қайтарады? Қазір қаңтар айы күшіне мінді. Қара мал әлі 2 ай қолға қарауы тиіс. Демек шаруаның қиналар кезі әлі де алда.

Авторлары: Арыстанбек Кенже Темірлан Сұлтанғазиев