loader


Атырауда облыстық бюджет өңір қажеттіліктерін өтей алмай отыр

Қазынаға миллиардтап қаржы құятын қала, облыстар бар. Бірақ өздері ештеңеге жарымай отырады. Не жылу, не жөнді жарығы жоқ. Не болмаса мектеп, балабақша жетіспейді. Әйтеуір, жетпей жатқан дүние. Осында өңірлердің бірі – Атырау. Бүтін республиканы жарылқап отырған мұнайлы аймақта да шетін мәселе көп. 

Атырау облысы – ел экономикасының тірегі. Десе де, өңірде күрмеулі мәселелер жоқ емес. Былтыр салықтан түскен қаржының өзі 1 жарым триллионнан асты. Соның 400 млрд-тан астамы ғана жергілікті бюджетке түскен. Сондықтан сарапшылар облыстағы мәселелер шешімін тапқанша, салықтан түсетін қаржының белгілі бір бөлігін өзімізге жарату керек дейді.

Асылбек Жәкиев, сарапшы:

– Мәселе бірнеше рет көтерілді. Қоғам белсенділері де, депутаттар да қозғап жүр. Алдымен қаржы саясатын жүйелеу керек. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың мемлекетке төлейтін салығы республикалық емес, жергілікті бюджетте қалуға тиіс. Сол арқылы әлеуметтік мәселелердің де шешімін табуға болады.

Қазынаға қыруар қаржы құйғанымен, мұнайлы өңір тұрғындарының шағымы көп. Мысалы, облыста қазына қаржысының 35 проценті білім беру саласына жұмсалады. Алайда үш ауысымды мектеп мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ. Балабақша кезегінде де мыңдаған бала тұр.

Мақсот Ғалымов, облыстық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы:

– Біз басқа өңірлерге қарағанда қазынаға көп қаражат аударамыз. Іс жүзінде облыс бюджеті өңірдің нақты қажеттіліктерін өтей алмайды. Осы мәселе бойынша облыс әкімдігіне  есеп айырысу және бюджет қаражатын алуды есептеу жүйесін өзгерту туралы бірнеше рет ұсыныс жолдадық. Енді 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық бюджетті қарастыру кезінде ұсыныс қолдау табады деп сенеміз.

Өңірде қаражатты есепсіз жұмсаған жағдайлар да кездеседі. Мысалы былтыр жүргізілген тексеріс нәтижесінде мәдениет саласына 1 млрд 200 млн теңге мақсатсыз жұмсалған.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Сондай-ақ...