Елордада Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған операция жасалды

Отандық дәрігерлер астыңғы жақ сүйегі жетілмеген сәбилерге Орталық Азияда бұрын-соңды жасалмаған операция жасады. Сол арқылы бір және 6 айлық екі нәрестеге өмір сыйлады. Ем-дом жасалмаса сәбилер өздігінен тыныс ала алмас еді. Операцияны «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» дәрігерлері Мәскеулік әріптестерімен бірігіп жасады. Жалпы мұндай ем шарасын отандық мамандар ешкімнің көмегінсіз өздері де жасайды. Бірақ заң жүзінде тосқауыл бар.

Шыр етіп дүниеге келген мына сәбидің астыңғы жақ сүйегі жетілмегендіктен арнайы қондырғының көмегімен ғана тыныс алатын. Нәрестенің денсаулығын түзеу үшін шұғыл операция жасалды. Мамандар арнайы құрылғыны шақалақтың ауыз жағына орнатып, жақ сүйекті шамамен 15 миллиметрге дейін ұзартты. Енді 6-8 айдан кейін сол жерге сүйек өседі. Сосын уақытша тұрған құрылғы алынады.

Руслан Ся-Тун-Чин, жақ-бет сүйегі хирургы:

– Бұл Қазақстанда жиі кездесетін патология. Жаңадан туған 150 шақалақтың бірі осы дертке шалдығады. Әрине нақты статистика жоқ. Бірақ шамамен біздегі жағдай осындай. Мәселен, қазір Қазақстанда осындай патологиясы бар балалардың бірыңғай реестрінде 10-ға жуық бала тізімде тұр.

Алайда олардың барлығына бірдей ақ халаттылар көмек көрсете алмайды. Отандық мамандардың емдеуге біліктілігі жетеді. Қажетті тәжірибе бар. Бірақ, заң жүзінде операция жасауға рұқсаты жоқ. Себебі, бұл әрекет еліміздің емдеу хаттамасына енбеген. Тек шетелден маман шақыртып, шеберлік сағаты аясында ғана емдей алады. Мәселе мұнымен бітпейді. Жақ сүйекке уақытша орнатылатын құрылғы Қазақстанда тіркелмеген. Оның біреуінің бағасы 3-4 млн теңге тұрады.

Руслан Ся-Тун-Чин, жақ-бет сүйегі хирургы:

– Бұл дестрактор Қазақстанда тіркелмеген. Оны заңдастыру үшін біршама уақыт кетеді. Себебі, Қазақстан Республикасының клиникалық хаттамасында мұндай операциялар қарастырылмаған. Сәйкесінше, қандай да бір жаңа құрылғыны сатып алу немесе тіркеу мүмкін емес. Біздің орталық басшылығы Денсаулық сақтау министрлігіне осымен 2 жыл қатарынан емдеу хаттамасын қайта қарауға өтінім беріп келеді. Алайда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қайта қарау әзірге мүмкін болмай тұр.

АҚШ сынды дамыған мемлекеттерде мұндай операция нәресте дүниеге келгеннен кейін 7 күн ішінде жасалады. Ал біздің елде 1 айлық шаранаға алғаш рет жасалып отыр. Дәрігерлер неғұрлым ертерек емдесек, соғұрлым шипасы көбірек болады, - дейді. Себебі, нәрестенің жақ сүйегі жетілмегендіктен оның тыныс алуы қиындайды. Салдарынан мамандар шарананың өкпесіне ауа өткізетін түтікше салуға мәжбүр болады. Кейін оны алу үшін тағы да операция жасалады. Ал, бірден емдесе, түткіше салудың қажеті жоқ.

Назерке Әбдірахманқызы, Жандос Битабар