Біртанов ісі бойынша айыпталғандар тергеуді қайта жүргізуді талап етті

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеудің материалдарын зерттеуге бір жылдан астам уақыт керек.

Мұндай деректі соттың алдын ала тыңдауы кезінде айыпталушы Әбішевтің өзі келтірді.

Айтуынша, материалдар көлемі 30 мыңнан астам параққа түскен 133 томды құрайды. Тергеудің 500 сағаттық бейнематериалы мен айғақ заттардың 21 қорабы тағы бар. Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары құжаттарды зерттемек түгілі көшірмесін түсіруге үлгірмеген. Сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталған бетте прокуратура бұл істі сотқа тапсырылған. Адвокаттар оның хаттамасымен де таныспағанын жеткізді. Сөйтіп, олар заңдық процессуалдық құқығынан айырылғанын мәлімдеді. Сөйтіп, сотқа дейінгі тергеу материалдарымен танысуға уақыт беру менбұл істі прокурорға қайтаруды талап етті.

Еске сала кетсек, бұрынғы денсаулық сақтау министрі 2020 жылдың қарашасында қамауға алынған еді. Оған алдымен бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған болатын. Кейін онысы «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» бабына ауысты. Нақтырақ айтқанда, өзінің сол кездегі орынбасары Олжас Әбішев екеуі ведомство жұмысын жүйелендіретін ақпараттық платформаны іске қосылмаған күйі қабылдаған деген айып тағылды. Сөйтіп, айыптаушы тарап қос экс-шенеуніктің мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтіргенін алға тартқан. Бірақ Елжан Біртанов тағылған айыпты мойындамай, жоққа шығарып келеді.