Мас болып аялдамада ұйықтаған шенеунік жұмыстан шығарылады

Еліміздің солтүстігінде спирттік ішімдік ішіп, ұйықтап қалған шенеуніктің ісі тәртіптік кеңесте қаралды.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Абай Балабеков өткен жылдың қараша айында мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзған. Мемлекеттік қызметшіні аялдамада ұйықтап жатқан жерінен патрульдік полиция қызметкерлері тауып алған. Кейін тәртіп сақшылары оны бірден медициналық куәландыруға апарған. Сараптама қорытындысы оның ащы суға тойып алғанын көрсетті.

Айта кету керек, Балабековтің осыған дейін де Әдеп кодексін бұзғандығы белгілі болды. Сондықтан тәртіптік кеңес мүшелері оны қызметтен босату туралы ұсыныс жасады.

Махаббат Самрат, мемлекеттік қызмет істері агенттігі сқо бойынша департаментінің бас маманы:

- Абай Клименович Балабеков негізінде бірінші рет Әдеп кодексінің нормаларын бұзып отырған жоқ. Оның алдында 2020 жылы мас күйінде көлік тізгіндеген. Және өз көлігін мас адамға жүргізуге мүмкіндік берген.