Ақтөбеде нәрестенің жүрегіне күрделі операция жасалды

Ақтөбелік кардиохирург дәрігерлер жаңа туған сәбиге операция жасады.

Дүние есігін енді ашқан бөбектің жүрегінде ақауы болған. Жүрек қарыншаларына қосылатын қан тамырлары ана құрсағында қалыптасу кезінде орындары ауысып біткен. Ақ халаттылар шақалақты перинаталды орталықтан бірден балалар ауруханасына жеткізіп, күрделі операцияға дайындаған. Жетінші тәулік болғанда хирургтер кішкентай Әминаның жүрегіндегі әрбір тамырды тиісті орнына қайта тікті. Жағдайы түзелген сәби санаулы күн ішінде анасымен бірге үйіне қайтады. Мұндай күрделі операцияны ақтөбелік дәрігерлер бұған дейін елордадағы әріптестерімен бірге жасап келген.

Айта кету керек, облыс орталығындағы балалар ауруханасы Ақтөбеден бөлек батыс өңірдегі өзге де аймақтардан емделушілерді қабылдайды. 

Әнуар Досмағамбетов, облыстық балалар ауруханасының кардио-хирургия бөлімшесі меңгерушісі:

- Операцияны күрделі дейтін себебіміз сәби тым кішкентай. Жаңа туған шақалақ. Бірақ он күннен әрі кешіктіруге болмайды. Себебі жүректің ақауынан көз жұмар еді. Операция сәтті өтті. Бүйрегіне аздап күш түскен еді. Ол да қалыпқа келді. Одан кейінгі ем-дом да нәтижесін берді деуге болады.