Петропавлда Әдеп кодексін бұзған шенеунік елордаға қайтуды көздеп отыр

Петропавлда ішімдік ішіп, аялдамада ұйықтап қалған шенеуніктің ісі тәртіптік кеңесте қаралды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Абай Балабековті былтыр жыл соңында полиция қызметкерлері мас күйінде ұстап алған. Кеңес мүшелері шенеунікті қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. 

Абай Балабековтің мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргеніне сегіз жыл болған. 2019 жылдан бері табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы лауазымында. Шенеунік былтыр қараша айында алкогольдік ішімдік ішіп, аялдамада ұйықтап қалған. Оны полиция қызметкері тауып алып, медициналық куәландыруға апарған. Сараптама қорытындысы оның ащы суға тойып алғанын көрсетті. 

Абай Балабеков, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

- Қонақта болып, кешкі ондарда шықтым. 200-300 грамм ішкенім рас. Такси шақыртып, аулада тосып тұрдым. Келмеген соң аялдамаға шықтым. Кенеттен өзімді жайсыз сезініп, көзімді жұмған кезде полиция келіп қалды. Бастысы, ащы суды жұмыс уақытында ішкен жоқпын. Әрине қатемді мойындаймын. Өкінемін. 

Мемлекеттік қызметшінің бұл ісі тәртіптік кеңесте талқыланып, оның мүшелері шенеунікті қызметінен босату жөнінде ұсынысты дауысқа салды. Отырыс барысында Балабековтің осыған дейін де Әдеп кодексін бұзғаны белгілі болды.

Махаббат Самрат, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

- Абай Клименович Балабеков негізінде бірінші рет Әдеп кодексінің нормаларын бұзып отырған жоқ. Оның алдында 2020 жылы мас күйінде көлік тізгіндеген. Және өз көлігін мас адамға жүргізуге мүмкіндік берген.

Ұсыныс жасалды. Шешімді Ұлттық экономика министрлігіндегілер қабылдайды.

Әйкерім Мұқашева, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Біз тәртіптік кеңес мүшелерінің шешіміне құлақ асамыз. Себебі әрқайсымыз мемлекеттік қызметші туралы әдепті сақтауымыз тиіс. Сондықтан Абай Балабековты қызметінен босату туралы шешім қабылдануы мүмкін.  

Шенеунік креслосын босатса елордаға қайтпақ жоспары бар.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев