Павлодар облысының бұрынғы әкімі Б.Бақауов мерзімінен бұрын босатылмайды

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды.

Экс-шенеунік былтыр қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Бақауов өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті басшыларынан туысы Руслан Бақауов басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жасалған тексеріс нәтижесін өзгертуді талап еткен. Бұл ұйым мемлекетке 212,6 млн теңге салық төлемей келген. Алайда бұрынғы әкім аталған соманы 3,1 млн теңгеге азайтуға мәжбүрлеген.

Істі болған экс-шенеунік  кейін кінәсін мойындады. Енді оның қорғаушысы мұндай келісімдер жасалған уақытта сыбайлас жемқорлықтың ауыр қылмыс санатына жатқызылмағанын желеу етіп, соттан жазалау мерзімін қайта қарауды сұраған. Әрі Болат Бақауов қазір ресми түрде жұмыс істейді, оған іссапарға шығып тұру керек екен. Дегенмен, прокурорлар бұл өтінішке қарсы шықты. Сот та келтірілген дәйектерді негізге алып, Бақауовтың жазасын өтеуді жалғастыратынын жеткізді.