Жезқазғанда жүзу бассейні жоқ

Жезқазған қаласындағы жалғыз жүзу бассейні 3 жылдан бері жабық тұр. Салдарынан спортшылар қыста жаттыға алмай жүр. Кәсіпкердің нысанды қайтадан қалпына келтіруге қаражаты жоқ. Ал бюджет есебінен салынып жатқан жаңа бассейннің құрылысы тоқтап қалған.

Сұлтан Балаев Жезқазғандағы жалғыз жүзу бассейнін 4 жылдан бері іске қоса алмай келеді. Айтуынша, 2019 жылы қаланы жылумен, сумен қамтитын мекеме тұтыну есебінің жаңа жүйесін енгізіп, кәсіпкерді тақырға отырғызған.

Сұлтан Балаев, кәсіпкер:

- Компания жылу мен суды есептегіш құралмен емес, құбыр диаметрімен есептеді. Нәтижесінде бар-жоғы үш ай ішінде 13 миллион теңге қарызға баттық. Осылайша бізге ескертпестен қыс ішінде жылу мен суды ағытып тастады. Соның кесірінен бассейн қатып, барлық құбыр жарылды.

Кәсіпкер ғимаратты, жылу мен су жүйесін қалпына келтіруге 24 миллион теңге жұмсаған. Алайда бассейнді сақтап қала алмады. Бос тұрған соң түбі кеуіп, жарылып, су кете бастаған. 

Сұлтан Балаев, кәсіпкер:

- Бассейнді толық жаңартып, сүзгілерін ауыстыруға шамамен 53 миллион теңге керек. Өкінішке орай, ондай ақша бізде жоқ. Жергілікті әкімдіктен көмек сұрап едік, қолдау болмады. Бізге ақша бөлсе, кейін ол соманы спортшыларға, тұрғындарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге тегін қызмет көрсету арқылы қайтаратын едік.

Бассейннің болмауы спортшылардың да нәтижесіне кері әсер етіп отыр. Мәселен, байдарка мен каноэ есу спорт мектебінің 300-ге жуық шәкірті жүзудің орнына шаңғы тебуге мәжбүр. Ал олардың 18-і қазір Қазақстан құрамасында өнер көрсетеді.

Мереке Жадрина, байдарка мен каноэда есу спорт мектебі директорының орынбасары:

- Бізге осы бассейн өте қажет. Өйткені біз балаларды 10 жастан қабылдаймыз. Ол балалар жүзу білмейді. Жаттықтырушылар үйрету керек оларды. Бассейн жұмыс істеп тұрғанда осында келіп, балаларды үйретіп, сосын суға шығаратынбыз.

Ал мына алаңда келешекте 320 көрерменге арналған залы бар зәулім спорт кешені бой көтеруі тиіс. Ішіне үлкен бассейн салу да жоспарда. Бірақ сот процестеріне байланысты қазір құрылысы тоқтап қалған. Тек іргетасы құйылып тұр.

Ренат Бекаев, Қарағанды облыстық азаматтық кеңес төрағасының орынбасары:

- Әуелде тендерге жергілікті компания қатысқан. Бірақ қызылордалық компания жеңіп алады. Содан бері екі мердігер арасында сот жүріп жатыр. Бұл жобаға бастапқыда республикалық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. Ол ақша игерілмей қалды. Содан бері құрылыс материалдарының бағасы бірнеше есеге өсіп кетті. Енді бұл нысанды аяқтау үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат керек екені анық.

Қоғам белсенділері қолда бар бассейнді қалпына келтіру 20 есе арзанға түсер еді дегенді айтады. Алайда қала әкімі «бюджет есебінен жекеменшік нысанға қаржы бөлу заңға қайшы» дейді.

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:

- Қаланың бюджетінен немесе облыстың, жалпы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыра алмаймыз. Оған негіз жоқ, оған заң жоқ. Осындай қаржыландыру заңдастырылмаған бізде ондай мехнизм жоқ. Бизнесті қолдаудың өзінің инструменттері бар. Банк развития дейді, Даму дейді, Атамекен бар, бізде осындай институттар бар емес па? Соларға жүгініп, банкке бару керек. Солардан қаржы алу керек немесе спонсорлар табу керек.

Алайда кәсіпкерге қаржы беруден барлық банк бас тартқан. Себебі жұмысы тоқтап тұрған нысанды кепілге алмайды екен, тиімсіз. Ал әкімшілік биыл жаңа спорт кешенінің құрылысын қайтадан жалғастыруды жоспарлап отыр. Бірақ сот процесі әлі күнге жүріп жатыр.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев