Қостанайда машина жасау саласының дамуы кең үрдіс алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гуманитарлық білімнен гөрі техникалық мамандықтарға басымдық беру керек деп мәлімдеген. Аталған реформа Қостанай облысында біртіндеп жүзеге асып келеді.

Мәселен, 3 мыңға жуық адам еңбек ететін машина жасау саласының даму қарқыны жоғары. Аймақта жаңа зауыттар салынып, колледждер маман даярлауды мықтап қолға алған. Жергілікті қазына есебінен және әлеуметтік әріптестер қолдауымен заманауи зертханалар жабдықтармен толығып жатыр.

Қостанайда машина жасау саласының дамуы кең үрдіс алды. Осы ретте былтыр «КамАЗ» компаниясы жаңа зауыт құрылысын бастаған. Алып нысанның бой көтеруі білікті мамандарды қажет ететіні анық. Жергілікті автомобиль көлігі колледжі саланың болашақ кадрларын дайындайтын бірегей оқу орны саналады. Мұндағы зертхана соңғы үлгімен жабдықталған. Студенттері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.

Данияр Есіргепов, автомобиль көлігі колледжінің 4-курс студенті:

- Жұмыс іздеу барысында бізде таңдау кең. «СарыарқаАвтопром», «Агромашхолдинг» сынды зауыттарда бірнеше рет болдық. Кәсіпорындар жоғары беделге ие. Соңғы үлгіде жабдықталған әрі еңбекке қолайлы жағдай бар. Болашақта осындай зауыттарда жұмыс істейміз деп шештік.

Колледж студенттері 9 мамандық бойынша білім алады. Оқу ордасының техникалық жарақтандырылуы, дуалды оқыту және мемлекеттік тілде білім беруі үрдісі жергілікті зауыттардың қолдауымен жүзеге асырылады. Солардың бірі «АгромашХолдинг KZ» кәсіпорыны.

Жандос Қәбдіраш, "Агромашхолдинг KZ" зауытының токарь маманы:

- Мен мұнда токарьлық іс бойынша жұмыс жасаймын. Бір жылдан асты істеп келе жатқаныма. Бізде бұрын ескі цех болған. Ал қазір жаңадан бәрі салынды. Жаңа цехта жаңа станоктармен қамтамасыз етілдік. Заманауи барлығы және тегін тамақпен қамтамасыз етілген.

Зауыт жұмысшылары әрдайым шеберлікті ұштау мүмкіндігіне ие. Қажет болса шетелде біліктіліктерін арттырады. Қазір барлық персонал Германия және Италиядағы әріптес-инвесторлармен онлайн түрде білімдерін жетілдіріп жатыр. Президенттің техникалық мамандықтарға баса көңіл бөлуі «жас инженерлердің осы салаға көптеп ағылуына серпін береді» деген сенімде цех еңбеккерлері.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров