425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ШҚО-да су тасқынына қарсы дайындық басталды

  • 178
  • UPD: 23:08, 26.01.2022
ШҚО-да су тасқынына қарсы дайындық басталды

Шығыс Қазақстанда тасқынға қарсы дайындық басталды. Төтенше жағдайлар қызметі техникалық әзірліктерін пысықтап, ал "Қызыл ай" қоғамының өкілдері құтқарушылармен бірлесіп су басуы мүмкін деген ауыл, аймақты аралап жүр. Мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескертіп, жергілікті еріктілерден топ жасақтап жатыр.

Құтқарушылардың кеңесінен соң Предгорное​ ауылының​ тұрғындары сақтық шараларын күшейтті. Ең алдымен жертөледегі қысқа әзірлеген азықты шығаруда. Өйткені тасыған су бірден еден астын басып қалады.

Алексей Оградов, Глубокое ауданы төтенше жағдай бөлімінің бастығы:

-​ Бұл ауданда тасқын болуы мүмкін​ 8 қауіпті участок бар. Мына үй сондай аумақта орналасқан. Сондықтан мұндағы кісілермен жүздесіп, ​маңайдағы арықтарды бақылап, ауладағы қарды тазалап, сақ болу керегін түсіндірдік. Инертті материалдарды дайындап қойса да артық болмас еді.

Тұрғындар үйлерінде қам жасап жатса, техника ауыл ішіндегі арықтарды аршып, жағалауды бекітіп жүр. Ең алдымен Переплюйка өзенінің арнасы кеңейтілді. Өйткені осыдан 4 жыл бұрын аталған өзен тасып, 50 шақты үйді су басқан болатын. Енді жыл сайын қауіптің алдын алмаса болмайды.

Галина Осипова, Предгорное ауылының тұрғыны:

- Бұл ауылда бұрыннан тұрып келемін. Тасқын қаупі сейілмей тұр. Көктем сайын мазамыз қашады. Сондықтан осылай ерте бастан қамданғандары дұрыс болды.

Қоғамдық ұйым бастамасымен ауыл тұрғындары ішінен төтенше жағдай командасы жасақталды. Олар қажет болған жағдайда тұрғындарға керекті құралдарды дер кезінде тарата алады. 

Арайлым Әбділғалымова, "Қызыл ай қоғамы" ШҚО филиалының өкілі:

- Әрбір осындай ауылда он кісіден жинап, осы адамдарды оқыттық және сонымен қатар оларға керекті құрал жабдықтарды бердік. Оның ішінде фонариктерден бастап осындай төтенше жағдай кезінде қолданатын мотопомпа, генератор сияқты заттардың барлығын әкеп осы кісілерге тапсырдық.

Глубокое ауданындағы 5 ауылмен қатар Алтай ауданындағы тағы бес​ ауылда да дәл қазір осындай жасақтар құрылып, қосымша күш ретінде дайын отыр. Жалпы облыста топан су басу қаупі бар 108 елді мекен тіркелген.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы