425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанда құрылған арнайы жасақтың қызметі қандай

  • 245
  • UPD: 10:27, 27.01.2022

Елде арнайы операциялар күштері құрылды. Бұл жасақ ең бастысы бейбіт шеруге шыққандарға қарсы қолданылмайды, қауіпті содырлар, қандықол қарақшылармен күреседі, деп хабарлайды Хабар 24.

Сонымен қоса жауапты тапсырмаларды орындайды. Иә, Президент неліктен осындай әскерге сенім артпақ?  Өзге елдерде мұндай құрылымдар бар ма? Олардың қызметі не, пайдасы қандай дегенге тоқталсақ. Елде арнайы операциялар күштері құрылды.  «Жаңа жасақ құрылды» дегенде көпшілік елең етті. «Еее олар бейбіт шеруге шыққандарды қайтаруға жұмсала ма екен» дегендер болды. Бірақ, әсте олай емес. Аты айтып тұрғандай «Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы» аса қауіпті тапсырмаларды ғана орындайды.

Владимир Северный, запастағы полковник, әскери шолушы:

– Жаңадан құрылған арнайы операциялар жүргізетін күш бейбіт шеруге шыққандарға қарсы жұмылдырылмайды. Осыны түсіну керек. Олар алдымен сырттан төнетін қауіптің алдын алады. Жаңа құрылымда барлау қызметі болады. Міне, сол барлаушылар қауіпті алдын ала біліп отырады.

Бізде қазір ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «А» арнаулы мақсаттағы жасағы, Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар», «Арлан», «Собр-ы», Мемлекеттік күзет қызметінің «Қалқан» жасақтары бар. Олардың саны құпия. Айтыла бермейді. Ал жаңадан құрылған және элита саналатын Арнайы операциялар күштерінің құрамы 10 мыңға дейін жетуі керек дейді заңгер. Әрі ол қандай да бір органға емес, тікелей Президентке бағынуы керек.

Думан Базарбеков, заңгер:

– Арнайы операция жүргізу мақсатымен жаңадан құрылған күштік құрылымның басшылы алдағы уақытта тек Мемлекет басшысының жарлығымен ғана қызметке тағайындалып, қызметтен босатылуы керек. Яғни жаңа құрылымның басшылығы тек Президентке бағынуға тиіс. Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Арлан» мен арнаулы мақсаттағы «А» жасақтарының сапындағы ең мықты дегендерін ғана осы жаңа құрылымға қосу керек. Оларға жоғары талап қойылып, байқау арқылы іріктелуі қажет. Сосын бұл құрылымның қызметкерлеріне соттардыкіндей ерекше мәртебе берген дұрыс. Әлеуметтік жағынан барынша жоғары көмекпен қамтамасыз ету керек. Сол кезде олардың да жауапкершілігі жоғары болады.

Жаңадан құрылған арнайы операциялар күштерінде барлау қызметі болуы тиіс. Заңгер айтқан және бір пікір осы. Сол құпия қызмет сыртта Қазақстан туралы не айтылып жатқанын, қай жақтардан қауіп болуы мүмкін екенін анықтап отырады. Террористердің ошағын әшкерелеп, қатердің алдын алады. Яғни тек қана барлаумен айналысады. Сөйтіп барлау қызметі анықтаған қауіпті деген жерлерге жасақтар жіберіледі. АҚШ-та осындай құпия қызмет бар. Ол тек Президентке есеп береді. Іргедегі Ресейде де аса қауіпті операцияларды жүргізетін құрылым әлдеқашан жасақталған.

Владимир Северный, запастағы полковник, әскери шолушы:

– Көрші елдерде мұндай құрылымдар бар. Мысалы, Ресейде 2009 жылдан бері арнайы операциялар жүргізетін қарулы күштер әскери міндетін мінсіз атқарып келеді. Аты айтып тұрғандай олар тек арнайы операцияларға ғана қатысады. Олардың құрамына әскери әдепті, қару-жарақтың түр-түрін меңгерген мамандар ғана іріктеп алынады. Бізде ондай мамандар көп. Қазақстанда осыған ұқсас «Қазбат» бар. Бірақ ол бітімгершілік миссияларын орындайды. Ал жаңа құрылымның міндеті мүлдем бөлек. Ол батальон, не полк бола ма әзірге белгісіз. «Алматы трагедиясынан» кейін Мемлекет басшысының мұндай жарлыққа қол қоюы түсінікті де.

Мамандар айтады. Жаңадан құрылған күштік құрылым қылмыскерлерді ұстауға, есірткі тасымалының жолын кесуге мүлдем жұмылдырылмауы керек. Ол үшін өзге де арнайы жасақтар бар. Ал жаңа құрылым тек аса қауіпті деген операцияларға баруы керек. Қандай екенін жоғарыда айттық. Құрылғанмен, жаңа жасақтың әзірге нақты саны, ереже-талаптары жариялана қойған жоқ.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы