Мемлекетке шығын келтірген мекеме басшылары қамауға алынды

Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің директоры мен оған қарасты Тархан, Бобровка, Таулы үлбі, Серебрянск шаруашылығының жетекшілері лауазымдарын асыра пайдаланған, деп хабарлайды «Хабар 24». Олар жасыл желекті оңды-солды отауға мүмкіндік беріп, қарап отырған.

«Өскемен орман шаруашылығының» басшысы 2020 жылдың мамырынан бастап 9 ай бойы екі кәсіпкерге іске жарамды орман ағаштарын кесуге рұқсат берген. Мемлекетке 65 миллион 700 мың теңгеден астам шығын келген.

Қазір бұл былыққа қатысы барлардың кінәсі анықталды. Екі басшы 3 жылға, қалғандары 2,5 және 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Орманға құжатсыз кіріп, аяусыз ағаш кескен кәсіпкерлер де жазасыз қалмады.

Қаламқас Салбанова, Өскемен қалалық №2 сотының судьясы:

– Сонымен қатар барлық сотталғандар өмір бойына  мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Екі жеке кәсіпкерге үш жылға ағаш дайындау саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысу құқығын айыра отырып, 50 АЕК мөлшеріндегі айыппұл тағайындалды. Негізгі үкім заңды күшіне енген жоқ.