Павлодарда билік өңірді дамытуда тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асады

Өңірді қалай дамытамыз? Павлодардың келешегі қандай болмақ? Облыстың биылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуге халық та атсалысады. Жергілікті билік тұрғындардың сөзіне құлақ асып, ұсыныс-тілектерін қабылдайды. Сөйтіп, халық не сұрайды? Нені ұсынады? Биылғы бағыт қандай?

Ұсыныстар мен талап-тілектер бірінші ақпанға дейін қабылданады. Кейін сараптама жүргізіліп, ортақ ұсыныстар жасалады. Бағдарлама жобасын әзірлеу үшін жұмыс топтары құрылған. 

- Азық-түлік арзандап, жалақылар өсу керек. Зейнетақы жетпейтіндіктен жұмыс істеуге мәжбүрмін. Осы ғана тілегім.

- Азық-түлік бағасын реттеуге болады. Ол үшін үкімет бар. Елде жұмыс та жеткілікті. Жұмыс істеймін деген адамға еңбек табылады. Ең басты мәселе осы деп ойлаймын. Екі қолға бір күрек табылса, өзге көптеген мәселе шешімін табады.

- Халық жұмыс істеу керек. Қалай болса да еңбек етсе, өзінің күнкөрісін табады. Бала-шағасын асырайды. Менің ойымша, еңбек ету керек, балам. Сосын тамақ болу керек. Бір-бірін тыңдау керек. Кішкене жоғары жақ тыңдау керек. Адамның өмірі оның бәрі.

Халық табысын өсіру, инфрақұрылым жұмысының тұрақтылығы, кедейлікпен күрес, жастармен өзара іс-қимыл, бизнесті дамыту және билікпен, халықпен байланысты күшейту. Бұл жылға арналған бағдарламада осындай бағыттар ескеріледі. Ең бастысы, тұрғындардың пікірін тыңдау. 

Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:

- Халық пен биліктің арасын жақындату керек. Сондықтан тұрғындардың сөзіне құлақ асамыз. Ұсыныстарын тыңдаймыз. Әрқайсысы бойынша шара қолданып, толыққанды жауап береміз. Өтініш-тілектердің барлығы түзіліп, іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуде ескеруледі. Уақыт тығыз.

Сарапшылардың пікірінше, алып кәсіпорындар шағын бизнеске қолдау көрсетсе, қоғамның бірнеше мәселесін бірден шешуге болады. Оңтайлы шешім ретінде әлеуметтік кәсіпкерліктің аясын кеңейткен жөн. Экономика профессоры Сергей Беспалыйдың ойынша, қаржылай көмектен бөлек өзге де қолдау құралдары жетерлік. Бұл халықаралық тәжірибе.

Сергей Беспалый, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Қолдау тек қаржылай болмау керек. Экономикалық тиімділік қажет. Мәселен, ірі кәсіпкерлер жекеменшік технопарк ретінде шағын бизнес өкілдеріне жеңілдікпен ғимарат, инфрақұрылым, құрал-жабдық ұсынса. Шағын өндірістер аяққа тұрған соң олардың орнына басқа бизнес нысандар келеді. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлік. Осы бағыт жүзеге асырылса, халықтың бірнеше мәселесі шешіледі. Ол кедейлік, жұмыссыздықпен күрес. Гендерлік, жастар кәсіпкерлігі де қатар дамиды.

Тәжірибе көрсеткендей, облыс әкімдігіне жыл сайын мыңдаған өтініш келіп түседі. Өткен жылы 31 мыңнан астам ұсыныс тіркелген. Шағымдардың көбі тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық, денсаулық сақтау және жер қатынастары салаларына қатысты. Яғни негізге алар бағыттар осы. 2022 жылға арналған бағдарлама үш аптадан соң жарияланбақ.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат