Шымкентте бірегей операция жасалды

Шымкентте жаңа туған балаларда сирек кездесетін кранистеноз ауруына алғаш рет ота жасалды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жергілікті дәрігерлер екі жасар бүлдіршіннің ерте біріккен бас сүйегін ажыратып, қалыпты жағдайға келтірді. Әйтпегенде бала миының өсуі тұралап, асқынуға алып келетін еді. Шаһарда алғаш рет жүргізілген операцияға Алматы қаласының нейрохирург мен реаниматолог дәрігерлері жетекшілік етті. Сондай-ақ Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Тараз және тағы басқа аймақтың дәрігерлері тәжірибе алмасуға арнайы шақыртылды. Туа біткен бас ақауына қалалық клиникалық балалар ауруханасында ота жасалды. Былтыр ауруханада нейрохирургиялық қызмет бір жолға қойылып, жаңа құрылғылар алынған. Осылайша оперативті емдеу жұмыстары енді ұдайы жүргізілетін болды.

Самат Көкшебаев, қалалық клиникалық балалар ауруханасының нейрохирургі:

– Уақытында мұндай оталар жасалынбаса, балада асқынулар кетеді. Ол асқынулар шизофрения деген ауруға келтіруі мүмкін. Миына әр уақытта қысым болғандықтан эпилепсия, гидроцефалия деген неше түрлі қол-аяғы жұмыс істемеу сколиоз деген асқынуларға, сондай ауруларға әкеледі.