Қарағанды облысында тұрғындар жаңа үйдің жылуын сезінбей отыр

Облыстағы Ақтас кентінде 100-ден астам жанұя қақаған қыста температура 15-16 градустан аспайтын пәтерде өлемстің күнін кешуде, деп хабарлайды Хабар 24.

Бір қызығы бұл баспана былтыр ғана жөнделіпті. Бірақ суық үйдің қабырғалары сыз тартып, көгеріп кеткен. Салдарынан тұрғындар арасында ауру-сырқау да көбейген.  Жансая Қамбарова өткен жылдың тамыз айында ұзақ жыл күткен пәтеріне қол жеткізген. Бірақ қыс түскенде қуанышы су сепкендей басылды. Үйдегі температура 15 градустан аспай тұр. Амал жоқ, тәулік бойы жылытқыш қосуға тура келеді. Нәтижесінде ай сайын жылудан бөлек электр қуатына 22 мың теңге төлеп отыр.

Жансая Қамбарова, Ақтас кентінің тұрғыны:

– Терезелер суланады. Содан міне, көгеріп, мына жер тесіліп, мынаның барлығы жұп-жұмсақ түсіп жатыр. Содан жиі ауырамыз. Еден өте суық. Мәсі киіп жүреміз үйде. Тіпті түнде шешініп ұйықтай алмайды балалар. Колготки, нәски оның үстіне. Солай ұйықтаймыз.

Ақтас кентіндегі бұл көпқабатты үйде қазір 119 жанұя тұрады. Айтуларынша, әу баста баспананың желдеткіші дұрыс салынбаған. Оның үстіне жылу мардымсыз. Салдарынан сыз тартқан қабырғалар көгеріп жатыр. Бұл баспана 1980 жылдары салыныпты. Бірнеше жыл қаңырап бос тұрған нысанды жергілікті құрылыс компаниясының бірі меншігіне алып, күрделі жөндеуден өткізіп, былтыр ғана мұқтаж жандарға сатқан.

Ғалия Баяндиева, Ақтас кентінің тұрғыны:

– Енді алданып қалдық. Осы тұрған халық сіздерден көп болып көмек сұраймыз. Біз жарайды жасымыз үлкен. Аяғымыз тонып, шыдамсызданып отырамыз. Ал енді кішкентай 3-4 баласы бар адамдарға берді әкімдік атынан. Сол кісілердің үйін көреңіздер. Су сорғалап, терезеден жерге дейін ағып жатыр.

Құндыз Абжанова, Ақтас кентінің тұрғыны:

– Кісілердің киімдері көгеріп жатыр. Заттары, мебель. Жабыстырған обойлары түсіп жатыр.

Құрылыс компаниясының басшылары бар кінәні жылу қазандығына артып, ақталып отыр. Алайда әкімдік мамандары үйдің сапасыз салынғанын анықтап, қысқа мерзімде олқылықтарды қалпына келтіруге міндеттеді.

Бауыржан Ақанов, Саран қаласының әкімі:

– Үйдің тігістері мен сыртқы қабырғалары панельдері дұрыс қымталмағаны анықталды. Сондықтан әзірлеушіге үйді жылу оқшаулау жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Саран теплосервиске «Нұрлы жер» қазандығының күн сайынғы жылу параметрін жариялау ұсынылды.

Бірақ бұл жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар Саран қаласының прокуратурасына да шағым жазған. Әзірге жауап жоқ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев