Өскеменде қоқыс өртейтін зауыт салынбайтын болды

Өскеменде қоқыс өртейтін зауыт салынбайтын болды

Тұрғындардың жаппай қарсылығына байланысты қала әкімдігі кәсіпорын құрылысынан бас тартты, деп хабарлайды Хабар 24.

Жарты жылдан астам уақыт қоғам талқысына түскен мәселеге нүкте қойылғандай. Дегенмен облыстың экологиялық департаментіне аталған кешеннің салынбайтыны туралы әлі нақты шешім келмепті.

Жылына 60 мың тонна қуаттылықпен жұмыс істейтін қоқыс өртеу зауытының құрылысы Өскеменнің шетіндегі Лесхоз кентінде биыл бастал, 2 жылдан кейін аяқталу керек еді. Бұл ақапарат шыққалы қалалықтардан маза қашты. Өйткені онсыз да экологиясы сын көтермейтін шаһар үшін бұл нағыз қиянат деп санайды жұрт. Сондықтан мұндай санаттағы  кәсіпорынның бой көтеруіне жол бермеу үшін жанталасты. Әлеуметтік желі парақшалары қарсы пікірге толып, шағым көбейді. Ақыры қала әкімдігі бұл жобадан бас тартуға мәжбүр болды.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:

– Өскеменнің бас жоспары бекітілген соның негізінде ондай кәспорын қала ішінен салынбайды, жер де бөлінбейді. Бұған дейін бөлінген өртеу зауытына қала тұрғындарының пікірін ескеріп, экологиялық экспертизадан дұрыс өтпегенін ескеріп, осындай шешім қабылданды. Жерді қайтару бойынша қала әкімінің қаулысы шықты.

Дегенмен облыстық экологиялық департаментке бұл аты шулы жобаның мүлдем тоқтатылғаны немесе жалғасуы мүмкін екендігі туралы әлі нақты шешім келмепті. Ұсыныс беруші тарап құрылысты жалғастырған жағдайдың өзінде экологиялық кодекс талаптарын орындап,алдымен сол зауыттың табиғатқа әсері жайлы толық мағлұмат жариялауы қажет.

Данияр Әлиев, ШҚО экология департаментінің  басшысы:

– Бізге шешім келген жоқ, бірақ әлеуметтік желілерде әкім айтқандай салынатын болған жағдайда қала сыртына салынады деп қарап жатыр. Экологиялық кодекс бойынша оның әсірін әзірлеу жұмыстары 3 жыл ішінде атқарылу керек. Қазіргі күні бізге ондай ақпарат түскен жоқ. Келешекте олар ондай іс шараны атқара ма,жоқ па, жобалық шешімді атқаратын бола ма, жоқ па деген сұрақтарға әлі жауап келген жоқ.

Эколог зерттеуші Дәулет Асанов Өскеменде дәл осындай зауыт салуға орай ұсыныстың «қарастырылғанына» таң қалады. Өйткені бүкіл өркениетті елдер жан-жағын «аждаһадай» жалмайтын мұндай  кәсіпорыннан бас тартып жатыр. Ал бізде бәрі керісінше дейді ол.Егер бұл жоба тіпті қала сыртынан салынғанның өзінде бір зияннан құтылып, екіншісіне тап болатынымыз анық деп шырылдайды табиғат жанашыры.

Дәулет Асанов, эколог-зерттеуші:

– Сұрыптау өңдеу зауыты керек, ал енді  өртеу зауыты деген бұл нонсанс. Европа одағында бұның бәрі баяғыда біткен нәрсе олар бас тартып жатыр. Зерттеу бар, осындай қалдық өртейтін зауыт 14 жыл жұмыс жасаған жағдайда маңайында тұратын адамдардың онкологиясы көбейеді.Соны неге қарастырмайды.Зауытты қойып тастаған соң оны ешкім алмайды да,тоқтамайды да.

Әзірге сол Лесхоз кенті маңынан қоқыс сұрыптау зауыты салынып жатыр. Бұның қала полигоны мәселесін қалай шешерін уақыт көрсетеді. Айтпақшы шаһардағы қоқыс алаңының қолданылып келе жатқанына 64 жыл болған. Арнасынан асып жатыр. Жаз бойы өртеніп, бықсып жатады. Өткен жылы 23 рет өрт оқиғасы тіркелді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов