Елде жеңілдетілген автонесиелеу жобасы іске қосылуы мүмкін

«РОП» операторының қаржысы жеңілдетілген автонесиеге жаратылуы мүмкін. Бұл туралы индустрия және инновациялық даму министрінің орынбасары айтты, деп хабарлайды Хабар 24.

Марат Қарабаевтың мәліметі бойынша ведомство бұрынғы автонесиелеу бағдарламасын қайта іске қосуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл жолы несиелеудің одан да тиімді шарттары енгізілмек. Жаңа бағдарлама, жаңа шарттар. Индустрия және инновациялық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиелеуді қайтармақ. Тіпті несие алушылар оны одан әрі оңтайландыруды көздеп отыр. Бұл жоба халыққа «РОП» операторы атауымен кеңінен танымал «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» операторының есебінен іске асуы мүмкін.

Марат Қарабаев, ҚР индустрия және инновациялық даму министрінің орынбасары:

– Ұсынып отырған нұсқаның бірі – «РОП» операторының есепшотында жиналған қаржының бір бөлігін халықты автонесилендіру бағдарламасына жөнелту. 4 %-тік үстемемен.  Осы ретте айтарым, бұған дейін мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 20 %-тік  бастапқы жарна құю керек болса, қазір бұл жарнаны алып тастау мүмкіндігін талқылап жатырмыз.

Вице-министр келтіргендей, бұрынғы автонесиелеу бағдарламасының шарты бойынша тек отандық көліктерге, оның ішінде қымбаттына да несие рәсімдеуге болатын. Ал қазір несие тек белгілі бір сомадағы бюджеттік көліктерге ғана қарастырылып отыр.

Әмір Тайыров, Еуразиялық банк өкілі:

– Жеңілдетілген автонесиеге сұраныс бағдарлама іске қосылған алғашқы күндерде-ақ жоғары болатын. Тіпті бағдарлама тоқтаса да, қазақстандықтардан өтініштер көп түсіп жатыр. Бұрынғы бағдарламаға бөлінген қаржы есептеулі болғандықтан, көп адам жеңілдетілген шартпен көлік ала алмады.

Автокөлік бизнесі қауымдастығының мәліметі бойынша бұған дейін жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысу үшін 15 мыңнан астам қазақстандық өтініш білдірген.

Анар Мақашева, Автокөлік бизнесі қауымдастығының вице-президенті:

– Бұл бағдарламаны халық жақсы қабылдады. Тұтынушылар тарапынан бағдарламадағы несие қайтарымы және төлемдеріне қатысты ешқандай сын-ескерту түспеді. Несиені алғандар уақытылы төлеп отырды. Егер бастапқы жарнаны қоймаса, тіпті жақсы болар еді. Сол кезде автонесие халыққа анағұрлым қол жетімді болушы еді.

– Халыққа жеңіл болса, арзан болған жақсы ғой. Ал егерде қымбаттаса, ешкім алмайды қазір.

–Егер несие механизмі тиімді болса, банк қоятын 15-20 процент емес, 4 процент деңгейінде болса, онда әрине жақсы ғой.

– Мемлекет тарапынан сондай мүмкіншіліктер көбірек болса, мен ойлаймын болар еді, қарапайым халыққа машина алуға. Машина бұрын роскошь болды ғой. Қазір ол керек зат. Керек, әсіресе үлкен қалаларда. 

Жаңа бағдарламаны әзірлеу кезінде оның мерзіміне баса мән берген жөн. Осындай ұстанымдағы қауымдастық ай сайынғы төлем халықтың қалтасына салмақ түсірмеуі үшін автонесиені кем дегенде 7 жылға есептеуге кеңес береді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерзат Заитхан