«Қазақстан халқына» қорына қанша қаржы түскені жарияланды

16-27 қаңтар аралығында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына қазақстандықтардан қанша ақша түскені белгілі болды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі өкілі хабарлады.

Қор өкілі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт саласындағы мәселелерді шешу жөніндегі бастамасын қолдаған қазақстандықтарға, ірі кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарына алғыс білдірді.

Айта кету керек, бұған дейін «Nur Otan» партиясының съезінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорына қайырымдылық жасауға асықпайтын ірі кәсіпкерлерге қатаң ескерту жасады.

«Олигополия құрамына кіретін бизнестегі кейбір танымал адамдар Мемлекет басшысы бастаған қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайды. Бұл ашкөздік, әдепсіздік немесе немқұрайлылық па? Бұл сұраққа жауап алу үшін мемлекеттің өкілеттілігі бар», – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл қор барлық қазақстандықтың, яғни халықтың қоры екенін айта келіп, ол әкімшілік немесе Үкімет жанында жұмыс істемейтінін де ескерткен еді.

2022 жылғы 16-27 қаңтар аралығында қорға 52 миллиард теңгеден аса қаржы түсті. Қор жылына кемінде 100 миллиард теңге мөлшерінде қаражат жинайды деп жоспарланып отыр. «Болжамға сәйкес, шетелдік және халықаралық компаниялардан қаражат түседі деп болжап отырмыз», – делінген хабарламада.