Оралда көп қабатты үйлердің бірінде отбасылар жылусыз қалды

Оралдағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде отбасылар қыста жылусыз қалды.

Айтуларынша, пәтерлер сұп-суық күйде тұр. Олар коммуналдық мекемеден мәселені шешіп беруін сұрайды. Ал кәсіпорын өкілдері жылу қазандығы қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтады. Мән-жайды арна тілшісі зерделеп көрді.

Жәңгір хан көшесіндегі бұл 5 қабатты тұрғын үйдің салынғанына 50 жылдан асқан. Іргетасы мен қабырғасы тоза қоймағанымен біртіндеп суық тартып барады. Мұнда 80 пәтер бар. Отбасылар үй ішінде бүрсеңдеп отыр.

«Ал коммуналдық кәсіпорын мәселені шешуге құлық танытпайды», - дейді олар.

Айбар Ақмышов, қала тұрғыны:

- Залда салқын. Кухняда вообще жылу жоқ. Краниктерді ашып, ауыстырайық десек, біз қорқамыз ауыстыруға. Балалар бар үйде. Келген кісілер бар. Салқын үйдің іші деген.

Зәуреш Шаипқызы, қала тұрғыны:

- Жылу осы бір-екі жылдан бері шамалы. Вроде отопление батареясы нормально. Бірақ үйдің іші жылымайды. Оның не себепті екенін білмеймін, например. Сосын шағым бізде жетеді. Себебі подвалда ремонт жасалмайды. Үнемі су болмай қалады.

Қаланы жылумен қамту кәсіпорнының өкілдері қазандық пен орталық құбырлар қалыпты күйде тұрғанын айтты. Ал көп қабатты үйдің жертөлесіндегі инженерлік желілер шіріп біткен. Оны жөндеу компанияның құзырында емес көрінеді.

Бекболат Қамешов, қаланы жылумен қамту кәсіпорны директорының орынбасары:

- Мына котельный бойынша 9 көп қабатты үй жылу алып жатыр. Бір қазандықтан сол үйлерге жылу беріліп жатыр. 8 үйде кедергі жоқ. Жылу бар ол үйлерде. Мына үйден енді тұрғындар КСК-мен бірге қосылып, қандай құбырларды қаншаға істеу керек, соның бәрін жұмыстарын істеп, ауыстыру керек. 

Ал пәтер иелері кооперативі жаңғырту жұмыстарын жүргізуге асықпайды. Коммуналдық ұйым төрағасы тұрғындардың берешегі белшеден асқанын алға тартты.

Қайырғали Сыиков, ПИК төрағасы:

- Тұрғындардың қордаланған қарызы бар. Екіншіден, құбыр желісін ауыстыруға қосымша қыруар қаражат жинау керек. Оған бәрі бірдей ақша қоса қоймайды. Мысалы, 2021 жылы салқын су құбырын ауыстыруға тек 32 пәтерден ғана төлем жиналды. Егер тұрғындар жылу желісін жөндеуге қажетті қаражаттың 90%-ін жинаса, жұмысқа кірісуге дайынбыз.

«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» салдарынан тағы бір қыс бүрсеңдеумен өтуі мүмкін. Тұрғындар коммуналдық мекемелер тарапынан оңтайлы әдіс қаралғанын қалайды.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...