Түркістан облысында «Еңбек» бағдарламасы аясында 3370 мүгедек жан жұмысқа тұрған

Былтыр Түркістан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3370 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 57 проценті тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек пробация қызметінде есепте тұрған 259 азаматқа квота берілген.

Биыл осы топтағы қанша азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр? Кәсіптік оқуға жіберілетіні қанша?

Бұл 3-топ мүгедегі Өркен Орынбасаров. 8 жасында аттан құлап, басын қатты зақымдап алған. Содан бері оң қолы икемге келмейді. Бірақ «өнер десе ішкен асын жерге қоятын» жігіт оған мойымапты. Қайта алға талпынып, музыкалық білім алған. Бірақ еш жерге жұмысқа орналаса алмағанын айтады. Содан Келес аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, аудандық мәдениет үйіне жолдамамен келген. 

Өркен Орынбасаров, Келес ауданының тұрғыны:

- Үлкен сахналарда ән айтқанды армандайтынмын. Қазір сол армандарым орындалып жатыр. 2021 жылдың тамыз айынан бастап, толық штат бойныша жұмыс істеп жатырмын.

Ал Серікболсын Батырбеков болса, бұзақылық жасап, істі болған. Шартты түрде 3 жылға бас бостандығы шектелген жас жігіт пробация қызметінің есебіне алынған.

Серікболсын Батырбеков, Келес ауданының тұрғыны:

- Мен 2021 жылдан бері пробация қызметінде есепте тұрамын. Осында жұмыспен қамту орталығына келіп тіркелдім. Осы өзімнің ауылымдағы Көлтоған мектебіне қарауыл есебінде жұмысқа тұрғызды. Қазір уақытта осы жерде жұмыс істеп жатырмын.

Жалпы Келес ауданында өткен жылы 4500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде побация қызметінде есепте тұрған 21 және 200 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Ал Түркістан облысы бойынша «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 3370 мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасқан. Оның 57 проценті тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 241 адамға квота берілген. Бұдан бөлек шартты түрде бас бостандығына шектеу қойылып, пробация қызметінде есепте тұрған 259 азамат квотамен жұмысқа орналасқан. 

Динара Бегалықызы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Мүгедектігі бар азаматтарды айтатын болсам, биылғы жылға жұмыспен қамту шараларына 3 мың орын бекітіп отырмыз. Ал 250 орын квота бекітіп отырмыз. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының талабына сәйкес, биыл 2800 азаматты кәсіптік оқытуға жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 580-ні жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес болса, 286-сы жұмыс орнында оқытуды, яғни мекемеде оқытып, сол жерде жұмысқа орналастыру мәселесі.

Мамандардың айтуынша, Түркістан облысында 96 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның 58 мыңы еңбекке қабілетті. Қазір соның 19 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш