Атырауда діни қызметкерлер жетіспейді

Қазір өңірге 20-ға жуық маман керек. Биыл мәселені шешу үшін 25 грант бөлу жоспарланыпты, деп хабарлайды Хабар 24.

Алайда бұл салаға қызығушылық танытатындар аз. Ал білікті маман жетіспеуі – жат ағымның жетегінде кететіндердің көбеюіне әкеліп отыр, – дейді мамандар.

Шетелдегі және еліміздегі діни ағарту орталықтарында 60-қа жуық атыраулық білімін жетілдіріп жатыр. Былтыр 20 имам біліктілікті арттыру институтын бітіріп шығыпты. Десе де өңірде діни қызметкерлер тапшы. Мысалы, облыста сауат ашып, Құран жаттататын жалғыз орталықта 14 бала оқиды. Кадр тапшылығын жою үшін екі жылда 50 грант бөлінген. Биыл да тағы 25-ін бөлу жоспарланыпты.

Хайролла Көшқалиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы:

– 25-тің өзін азар деп толтырып жатырмыз. Көп ондай өтініш те жоқ, дін саласының маманы болам деген. Үгіт-насихатпен, имамдардың көмегімен грантты толтырып жатырмыз. Президентіміз бұл салада жұмысты әлі де дұрыстау керек деді, қатаң қадағалау керек деді.

Жат ағымның жетегінде кеткендердің көбі – дұрыс бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін жан болмады деп ақталады. Қазір облыс сұрақпен келген тұрғындардың діни сауатын арттыруға атсалысатын 20-ға жуық маманға зәру. Өңірдегі 36 мешітте 88 діни қызметкер жұмыс істейді. Ал әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі олардың қатарын толықтыруға қолбайлау екен.

Алтынбек Ұтысханұлы, облыстың бас имамы:

– Имамдарға, ұстаздарға пәтері керек. Жалақы мәселесі де шешілу  керек. Қазіргі таңда осы мәселе толыққанды шешілді деп айта алмаймыз. Сол үшін де сауатты, білімді, білікті мамандарды ауылға тарта алмаймыз.

Облыста діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін жалғыз орталық былтыр 227 адамды тура жолға салған. Ондағы білікті 27 теологтың қатарын енді 35-ке жеткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин