Маңғыстаулықтар жылдап күткен ауыз суға қол жеткізді

Маңғыстауда жарты ғасырлық тарихы бар елді мекен ауызсу желісіне 100% қосылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Камила Мұрат келін боп түскелі бері қысы-жазы құдықтан су тасығанын айтады. Бала жуындыруға, басқа да қажеттіліктері үшін суды газға ысыту біраз уақыт алатыны түсінікті жайт. Жаңа жылда жағдай өзгерген. Жер үйде тұратын ауыл тұрғындары қазір қала пәтеріндегідей ваннаға шомылады.

Камила Мұрат, ауыл тұрғыны:

– Келін болғандықтан асүйден шықпаймыз. Ыдыс жуамыз. Қазір енді шүкір, су келіп жатыр ауылға. Бәріміз қуаныштымыз. Жұмысымыз жеңілдеді.

Аман Таңғұлов, ауыл тұрғыны:

– Бұрынғы уақытта машинамен су тасылады. Қаншама уақыт күтесің. Тапсырыс бересің, кейде мезгілінде келмей қалады. Біраз қорлықты көрдік қанша жыл. 1 водовоз су кейде жетпей қалады. Қазақ болғасын көп семьясы, кір-қоңы болады. Халықтың игілігіне жарасын, қуаныштымыз. Ауылымыз көркей берсін.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Бұл елді мекенде 80-ге тарта көше бар. Барлығы орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды. Қазір тұрғындар коммуналдық кәсіпорынмен келісім шартқа отырып жатыр. Ауылда 3700-ден астам аобнент бар. Әзірге тек 53-і үйіне су қостырған.

Қызылтөбе ауылдық округінде 32 мыңдай халық тұрады. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасымен бөлінген 2 млрд-тан астам қаржыға құбыр төсеу былтыр толық аяқталды. Көше бойына келіп тұрған тіршілік нәрін жер үйге жалғатып алуды әр тұрғын өзі жасайды. Бұл үшін 6 мыңдай теңге төлеп, коммуналдық мекемемен келісім шартқа отыруы керек. Жергілікті әкімдік әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды арнайы тізімге алып, көмектесуге де әзір.

Ерлан Қайнаров, Қызылтөбе ауылдық округінің әкімі:

– Халыққа барынша хабарлап, құлақтандырып жатырмыз. Орталық құбырдың бойында су бар екеніне көз жеткізіп, жарнамалап жатырмыз. Бұл жерде бір ғана мәселе – ауыл азаматтарының белсендігінің төмендігінде.

Мұнайлының қара шаңырағы саналатын елді мекенде өткен жылы су айдау станциясы іске қосылды. «Каспий» су тұщыту зауытынан бір мезгілде 6 мың текше метр су қабылдап, резервуарларда сақтауға мүмкіндігі бар. Осы мөлшерде тіршілік нәрі жазда егістік, бау-бақша егу басталса да жеткілікті, деп отыр округ әкімі. Қазіргі уақытта халық тәулігіне 200-300 текше метр су тұтынады екен.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев