Атырау облысында дәрігерлер мен мұғалімдерге сұраныс артты

Әсіресе бұл сұраныс соңғы бес жылда артқан. Аға буынның алды зейнет жасына жақындаған. Осыған байланысты жергілікті билік жас мамандарды ауылға тартуға арналған арнайы бағдарлама әзірлеген, деп хабарлайды Хабар 24.

Нәтижесінде былтыр облысқа 80-ге тарта дәрігер мен ұстаз келді. Индер ауданы «Көктоғай» ауылдық емханасының жалпы тәжіирбелік дәрігері Ақлима Сағынованың жұмыс күні қашан да қарбаласқа толы. Себебі 2000-ға тарта тұрғынның басым көпшілігі алыс қыстақтарда тұрады. Олардың басы ауырып, балтыры сыздай қалса, уақытпен санаспай дәрігер іздейтіні ақиқат. Бүгінде табиғатынан қағілез, адамға көмектесуге ұмтылып тұратын Ақлиманы ауылдастары жақсы жағынан танып үлгеріпті.

Ақлима Сағынова, жас маман:

– 2019 жылы осы амбулаторияда жұмыс бастадым. Жұмысым өзіме жақсы, қызметтік пәтер берді осындай жұмыс жасауға жағдай жасалған. Қазір қыстақтардан да шақыртулар болады. Оның бәріне үлгеріп жұмысымызды атқарудамыз.

Тұрсын Мекеева, «Көктоғай» ауылдық емханасының аға дәрігері:

–  Бізге ұжымға келгенде ұнағаны өзімізбен де, халықпен де үйлесіп тіл табысты. Қазір бір Ақлима боп кетті. Оған біз қуаныштымыз. Былтыр бізге Қайыржанова Әсем деген жас маман келді. Бала дәрігері-педиатр. Осындай жас мамандар келіп жатыр. Енді ауылдық жерде көп жастар көп келмей, бұрын да жалғыз өзім қалған күндер де болды.

Ақлиманың қоныс тойын тойлағалы бір айға жуық уақыт өтті. Әсіресе, бүлдіршіндерінің қуанышында шек жоқ. Себебі көп балалы отбасының Көктоғай ауылына келгеніне 3 жылдан асса да, үй жалдап жүрді. Жолдасы үнемі далада, мұнай кенішінде жұмыс істейтіндіктен үйдің бар тауқыметін жас келіншек жеке көтеріп келген еді.

Ақлима Сағынова, жас маман:

– Үлкенім – Ернұр, екіншім – Нұрислам, үшіншім – Расул. Екеуі балабақшада. Үлкені мектепке барады, екінші сыныпқа. Үй жақсы, жылы. Газбен, сумен жабдықталған. Барлығы қамтамасыз етілген. Осыған дейін пәтер жалдағанбыз.

Индер ауданына былтыр 17 мұғалім мен 4 дәрігер келді. Одан өзге арнайы кәсіби орта білім алып келген жастар да бар. Бүгінде солардың 15-і пәтермен қамтылып, 25 жас маманға көтерме жәрдемақы төленген.  Дегенмен аудан мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, химия, биология пәні мұғалімдері тапшы. Сондай-ақ ауылдық жерлерде акушер-гинеколог, терапевтер мен хирургтер жетіспейді.

Гүлнұр Сүйеуова, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

– Жалпы аудан бойынша қызметтік тұрғын үйлер салынып тұр. Индербор кентіне келем деген маманға біз баспанамен жәрдемдесуге дайынбыз. Тап осындай жағдай біздің барлық ауылдық округтерде қызметтік пәтерлер салынып тұр.

Жалпы Атырау облысы бойынша  200-ге тарта дәрігер мен 150-ден астам мұғалімге сұраныс бар. Жас мамандарды ауылға тарту мақсатында жергілікті билік еліміздегі жоғарғы оқу орындарымен келісімшарт жасасқан. Оның негізінде ауылға келген жас маман 5 жыл тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Кейін алған баспанасын жекешелендіріп алуына болады. Өмірін ауылмен байланыстырамын дегендерге мемлекеттің қосымша қолдауы бар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев