Алматыда балалар коронавирусты жиі жұқтыра бастады

Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Хабар 24.

Оның айтуынша, 1 жасқа дейінгі балалар арасында инфекция анықталғандар саны азайды, алайда балалар арасында олардың үлесі – 22,8%.

«Өткен аптада 14 жасқа дейінгі балалар арасында жұқтырудың айтарлықтай өсуі тіркелді, яғни 1463-тен 1920-ға дейін және жасөспірімдер – 1%-ке, сондай-ақ 60 жастан асқандар арасында 2530 адам жұқтырса, олардың саны 3 262-ге дейін өсті. Ал бір жасқа дейінгі балалар арасында, керісінше, 450-ден 438 жағдайға дейін, сәл төмендегені байқалады» – деп атап өтті ведомство өкілі.

Сонымен қатар, ол мегаполисте омикрон штамы тіркелгенін тілге тиек етті. «Омикрон штамының 7 жағдайы анықталды. Жеті науқастың арасында 14 жасқа дейінгі балалар жоқ. Толық геномдық зерттеу жүріп жатыр, бірақ аталған жеті жағдайдан басқасы теріс нәтиже көрсетті. Зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр», – деді Әсел Қалықова.