Павлодар тұрғындары жылусыз қалды

Павлодар қаласында бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары қақаған қыста жылусыз отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір коммуналдық желілерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы қалада коммуналдық инфрақұрылымның 87 проценті әбден тозған. Ірілі-ұсақты апаттар жиі болады. Айтпақшы бүгінде 20-дан астам жекеменшік үй мен мемлекеттік мекемелер де жылудан ажыратылды. Бұл тоғыз қабатты екі үйде қазір жылу жоқ. Коммуналдық қызмет бригадалары ақауды жөндеуге бірден кірісті. Жұмыстар таңертеңнен бері жүргізіліп жатыр.

Әсем Окенова, қала тұрғыны:

– Екі бөлмелі пәтерім суи бастады. Қызым екеуміз тоңып жатырмыз. Тез арада беріліп қалады деп ойлаймын.

Шамиль Галиулин, қала тұрғыны:

– Үйдегі батареялар суып кетті. Қатып қалмауы тиіс негізі. Осындай жағдайға дайын болдық, өйткені қалада коммуналдық апаттар жиі болады. Жылытқыш құралдарымыз бар. Алдын ала сатып алғанмын. Үйде кішкентай балаларым бар.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін жылуға қатысты мәселе болмаған. Облыс орталығында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 800 шақырымға жетеді. Коммуналдық инфрақұрылымның 87 проценті әбден тозғандықтан, ірілі-ұсақты апаттар жиі болады. Мәселені біртіндеп шешу үшін тиісті шаралар қолға алынбақ. Осы жолғы ақаудың себебі – желілердің тозуы.

Әнуарбек Аманов, қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:

– Павлодар жылу желілері жыл сайын сегіз шақырымдық желіні жөндейді. Бірақ бұл тым аз көрсеткіш. Жағдайды тұрақтандыру үшін кем дегенде инженерлік жүйелердің 25 шақырымын ретке келтіру керек. Биыл төрт шақырымдық магистральді желі жөнделеді. Сонымен қатар әбден тозған аулаішілік құбырларды да жаңартылады. Ол үшін гидравликалық сынақтар өткізіледі.

Қыс аязды болмаса да, Павлодар қаласында жылу желілерінде 20-дан астам апат тіркелген. Жауапты мекеме өкілдерінің мәліметінше, өткен жылы жылу және сумен қамту жүйелерінде 700 ақау анықталған. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында жауапты органдар тиісті шараларды қолға алған. Жылу энергиясы тиісті көлемде жетпейтін нысандар бірінші кезекте тексеріліп жатыр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат