ШҚО-дағы сегіз ауылға көгілдір отын қашан жетері белгісіз

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының 8 ауылы әлі күнге дейін газсыз отыр. Олай дейтініміз, бұл өңірде осыдан 9 жыл бұрын көгілдір отынмен қамту бағдарламасы жүзеге асқан болатын, деп хабарлайды Хабар 24.

Шалғайдағы жұртқа табиғат игілігі қашан жетеді? Сарытерек ауылының тұрғыны Әбдіқақ Кәрімовтің қысқы өмірі әлі күнге дейін көмірге байлаулы. Үй суымас үшін күніне екі рет пеш жағады. Мыңнан аса адам  тұратын елді мекен аудан орталығынан небәрі 25 шақырымда жатыр. Халық газға зар.

Әбдіқақ Кәрімов, Сарытерек ауылының тұрғыны:

– 6 тонна көмір жағамыз қыстай. Ол енді 6 тонна көмірді қыстай жағып шығасың, кіргізіп қайта шығарасың. Ол қиын болса да, қиын болмаса да оған міндеттісің енді үй жылы болу үшін.  Газ болса, онда енді біз де көмір тасымаймыз ғой. Үй таза болады.

Ал осы аудандағы Үлкен Қаратал ауылының халқы көмір дегенді ұмытқан. Мектеп те көгілдір отынға қосылған. Бұл жаққа газ 3 жыл бұрын тартылды.

Ықылас Мұқанов, Үлкен Қаратал ауылы орта мектебінің директоры:

– Газға қосылғаннан бері үнем болды. 5 млн-дай эконом шықты мектеп пен спорт залды қосқанда. Жақсы болды, мектеп жылы. Оқушыларға да бәріне ыңғайлы.

Қазір Зайсан ауданы халқының 80 проценті газбен қамтылған. Көгілдір отын 8 ауылда жоқ.

Аян Сегізбаев, Зайсан ауданының түкш бөлімінің басшысы:

– Осы газдың үшінші кезеңі басталады биыл. Оған бюджеттік өтінім жасалған. Қазіргі уақытта және мына мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жұмыстар жүргізіліп жатыр. 1 млрд 400 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалған.

Былтыр аудан тұрғындары табиғи газдың Қытайға сатылуын тоқтатқан болатын. «Енді биыл жер асты қазба байлағы қайтадан зерттеледі», – дейді мамандар. Болжам бойынша бұл аймақтың көгілдір отыны 15-20 жылға жетеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов