Алматы облысында өркениеттен тыс қалған ауыл бар  

Мұндай ауылды көргіңіз келсе, Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ұзынтамға барыңыз. Алпыстан аса отбасы тұратын елді мекенде асфальт жол, орталықтандырылған ауыз су жүйесі атымен жоқ. Жайылым мен шабындық жерлер жекеменшікке өтіп кеткен, деп хабарлайды Хабар 24.

Басы ауырып балтыры сыздағандарды емдейтін дәрігерлік амбулатория құлаудың аз-ақ алдында тұр. Инфрақұрылымдық игіліктерге қолы жетпей отырған ауылдың тыныс-тіршілігі көңіл құлазытады.

Ұзынтам ауылының фельдшері Гүлфира Аршидинова науқастарды емдеумен қатар ғимаратты да жылытады. Пешке отын салмаса, кеңестік кезеңде салынған мекемеде отыру мүмкін емес. Әбден тозығы жеткен бұрыңғы мектептің артқы жағы құлап, шатыры да жартылай ашық тұр.

Зайнитдин Изимов, Ұзынтам ауылының тұрғыны: 

– Ешқандай жағдай жоқ ауылда. Қанша әкім ауысты жасалып жатқан ештеңе жоқ.

Ауылдағы білім ордасының да күйі кеткен. 1995 жылы салынған мектепті жөндеп,  қажетті құрал жабдықтарын жаңалау қажет. Көпшілік үшін ауызсу мәселесі де өзекті. Өйткені тұрғындар тіршілік нәрін колхоз кезінде қазылған ұңғымадан тасып тұтынып отыр.   

Тұғылық Аршиев, Ұзынтам ауылының тұрғыны:

– Өте қиын. Мына кішкентай шығып жатқан суды адамдар ішеді әрі мал суарамыз.  Мал да, адамдар да ішеді. Сол жағдайды шешіледі деп келе жатқанына көп жылдар болды. Шешілмеді.

Миршат Насыров, Тиірмен ауылдық округінің әкімі:

– 226 млн су бәрі сметалық жобаны жасады. Ол облыстық ЖКХ да тұр. Биыл ақша болса бәрі құжаттары дайын. Амбулатория болса, ол жерде мемлекеттік акт алдық 15 соток. 50 млн-ға  саламыз бәрі дайын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзіретінде тұр. Солар ақша бөледі. Модульный саламыз деп жатыр. Бір аптаның ішінде салып кетеміз деп уәде беріп жатыр.

Көшедегі жарық шамдардың жанбауынан ауыл қас қарая қараңғылық құшағында қалады. Бұл, әсіресе оқушылар үшін қиын. Ауылішілік және ауданға қатынайтын қара жол да жүргізушілердің жүйкесін жұқартып бітті.    

Сабырбай Тоқтархан, Ұзынтам ауылының тұрғыны:

– Шырыннан бері қарайғы жолмен жүрсең, мәшиде деген тарсылдап, бүлініп жатыр. Ана әкімге талай айттық. Көпкөрім алған көлігімізге обал, сынып жатыр.

Жыл өткен сайын ауылдағылардың өрісі тарылып, күн көрісі қиындап келеді. Себебі жергілікті халықтың мал бағатын жайылымы мен шабындықтары жекешеленіп кеткен. Меншік иелері өз жерлерін қоршап алды. Тіпті бәзбіреулер орман шаруашылығына барар жолды да жауып тастаған. Соның салдарынан қарапайым тұрғындар төрт-түлігін қайда апарып жаятынын білмей жүр. 

Нұртай Шәріп, Ұзынтам ауылының тұрғыны:

– Қойымды қайда бағам деп жер іздеп келе жатырмын. 500 қойым бар бір гектар жерім жоқ. Ананың жеріне барам, ол қуып кетеді. Кешке үйге келем ғой уайымдап жатам, таңертең қайда бағам екен деп.

Бәзікей Сейітқазы, Ұзынтам ауылының тұрғыны:

– Жайылыс жоқ бұл жерде. Қалталылар, байлар алып болыпты бұл жерді. Сонда бұл ел 15-20 малды қайда бағарын білмей отыр. Бір малымыз түссе, қамап алады да милиция шақырады. Еліміз осындай болып жатыр.

Сейітақын Сауытов, Ұзынтам ауылының тұрғыны:

– Ұзынтамда тусам да жерім жоқ. Жер ала-алмай жүрміз. Бәрін сол Зәйнуддин алып алған.

Жиналған көпшілік жайылым, шабындық және егістік алқаптарға қатысты арнайы комиссия құрылу керек деп есептейді. Сол арқылы қоғамдық мақсатта пайдаланылатын жерлерді ауыл халқына қайтарып берсін деп құзырлыларға талап қойып отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов