Өскемен тұрғындарын ауаның ластануы алаңдатып отыр

Өңірде қолайсыз метеорологиялық жағдайдың қалыптасқанына бірнеше күн болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Шаһарды көк түтін басып, ауа ластанды. Өндіріс орындары мен автокөліктен шыққан газ ойпатта орналасқан қала үстіне тұрып қалған.

Синоптиктердің болжамынша, ауа құрамында күкірт сутек пен күкірт тотығының мөлшері шамадан асқан. Тіпті мұны өндіріс ошағы аумағынан алыс жатқан ықшам аудан тұрғындары да сезді. Қаланың экологиялық мәселесі талқыланған басқосулардың бірінде Өскеменнің «ауа ластану» бойынша қалалар рейтингісінде алғашқы орынға шыққаны белгілі болды. Жазда ғана облыс орталығының атауы бұл тізімнің ортасында тұрған еді. «Қыста мұндай қолайсыз метеожағдайдың жиілеуі орынды» – дейді сала мамандары. Өйткені зауыттар мен автокөліктерден бөлінген қалдықтарға жеке сектордан шыққан түтін де араласады. Дегенмен кейбір мекемелерге тексеріс жүргізілуі мүмкін.

Данияр Әлиев, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Жалпы экология департаменті бұл күндері өзінің алгоритіміне сәйкес Қазгидрометтің лабороториясымен бірлесіп, санэпидемологиялық лабороториясымен бірге қосылып, тұрғындар тұратын жерлерге, мекемелердің санитарлық қорғау зонасына анализ жасап, сол жерде тексерістер жүргізеді. Олардың нәтижесі бойынша мекемелерге тексеріс ашылады.