Шалғайдағы ауыл-аймаққа жылжымалы әлеуметтік дәріхана жетті

Қарағанды облысының шалғай ауылдарында тұратын халық енді дәрі іздеп қалаға сабылмайды. Мамандар арнайы көлікпен ай сайын жеткізіп тұратын болады.

Ол үшін өңірдегі 9 ауданға жылжымалы әлеуметтік дәріхана берілді. Әрқайсының құны 14 миллион теңге, жергілікті бюджет есебінен алынған. Енді бұл көліктер бекітілген кесте бойынша ауыл-ауылды аралап, арзан бағаға дәрі-дәрмек апарады. Бұған дейін көп аудандарда жалғыз стационарлық дәріхана жұмыс істеп келген. Енді бұл қиындық артта қалды. Әр жылжымалы дәріханада дене қызуын түсіретін, қан қысымын реттейтін, жөтелге қарсы, тағы басқа ауруларға арналған 500-ге жуық дәрінің түрі бар. Диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға тегін жеткізіледі. Ал қалған медициналық препараттардың бағасына қосылатын үстемені 5 проценттен асырмау міндеттелді.

Алпыс Аманжолов, шет аудандық ауруханасының директоры:

– Бүгінгі таңда аудан бойынша 25 ауылдық округ бар болатын болса, соның барлығына бізде арнайы кесте бекітіліп, осы кесте бойынша алыс, шалғайдағы жатқан елді мекендерге кезекпен жіберілетін болады. Сол жердегі халықтың сұранысына байланысты алынатын арзан дәрі-дәрмектерді тек 5 пайыз үстеме қосу арқылы сатамыз.