Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкердің өтініші сот-сараптама негізінде қарастырылады

Алматыда қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады. Әзірге 17 кәсіпкерге 33 миллион теңге берілген. Жалпы сол уақытта қалада 1600-ге жуық бизнес субъектісіне зиян келген еді. Оның басым бөлігі шағын және орта бизнеске жатады. Сол шығындарды өтеу мерзімі 1 айда атқарылуы тиіс.

Өтемақыны алғашқы болып алғандардың бірі Аркенжан Мырзабаев. Кәсіпкер қаладағы сауда орталықтарының бірінде балалар киімін сатумен айналысады. 5 қаңтар күні дүкені тоналды. Содан кейін ол полицияға мүлкі ұрланғаны жөнінде арыз жазып, шығынды есептеп, қолда бар құжаттарды InfoKazakhstan.kz сайтына жолдады. Көп ұзамай өтініші мақұлданды.

Аркенжан Мырзабаев, кәсіпкер:

- Өтемақы алуға қажетті құжаттың барлығын өткіздім. Өткен аптада Алмалы аудандық әкімдігіндегі комиссия отырысына қатыстық. Оның құрамында 30 шақты адам болды. Өтініштер мұқият қаралып жатты. Екі күннен кейін есеп-шотыма қаражат келіп түсті. Шынын айтсам, осындай қысқа мерзімде ақша аламын деп ойлаған жоқпын.

Әзірге InfoKazakhstan.kz электронды порталына алматылық кәсіпкерлерден түскен өтініштердің 140-ғы қарастырылды. 99 арыз бойынша оң шешім шығып, оларға жақын күндері 176 млн теңгеге жуық өтемақы төленетін болды. Ал 29 өтініш негізсіз деп танылған.

Қанат Сағындықов, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізге қойған тапсырма бойынша 20 күннің ішінде бітіруіміз керек. Бірақ қазір комиссия мүшелері де күнделікті отырып қарастырсақ болады деп жүр. Ол бәрі кәсіпкердің өзіне байланысты. Толық құжаттарын сайтқа тіркесе сол кезде ғана қарай аламыз да.

Зардап шектім деп арызданған әр кәсіпкердің өтініші сот-сараптама нәтижесі негізінде ғана қарастырылады. Сараптама тобында 33 маман жұмыс істейді.

А. Садуақас, Ә.Нарынбаев