Әскеридің балаларымен қауышу сәті жұрттың ет жүрегін елжіретті

Балалардың әкесімен қауышуы көрініс тапқан бейнежазба көпшіліктің ет жүрегін елжіретті. Әлеуметтік желіде тараған видеода әскери қызметкер үйіне кіргенде ұлдарының қуанышпен қарсы алған сәті таспаланған. 4-5 күннің ішінде оны 300 мыңнан астам тамашалап, отбасына жылы лебізін білдіріп жатыр. Біздің Алматы облысындағы меншікті тілшіміз сол әскери қызметкерді тауып тілдесіп қайтты.

Ербол Ануарұлы Талдықорған гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде көлік жүргізуші болып қызмет етеді. Ол жаппай тәртіпсіздік басталғаннан кейін 20 күн жұмыста болыпты. Жағдай тұрақталған соң үйіне келіп балаларымен қауышқан сәтін жары ұялы телефонына түсіріп алған екен.

Ербол Ануарұлы, 18/404 әскери бөлім қызметкері:

- Бұл жерде балаларымның маған деген сағынышы ерекше жүрегімнен орын алды. Балалардың әкеге деген сағынышы. Әке деп қасыма келіп құшақтап, қасымда ұйықтап ол деген ерекше. Осы балаларымның сағынышы арқылы мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақтылығын сезіндім. Қадірін түсіндім.

7 жылдан бері әскери салада еңбек етіп келе жатқан Ерболдың үш ұлы бар. Үлкені Ерсін бірінші сыныпта оқиды. Ортаншысы Асылжан балабақшаға барады. Ал кішісі Нұртас 3 жаста. Ол арқа жұлын бұлшық етінің ортрофиясы деп аталатын сирек кездесетін ауруға шалдыққан екен. Қазір анасы Гаухар екеуі ауруханада емделіп жатыр. Сол себепті әкесі жұмыстан сұранып балаларына бас көз болып отыр.

Гауһар Қыдырбекова, қала тұрғыны:

- Спинраза препаратын үш дозасын алдық. Үшінші дозаны алған кезде наркоздан кейін баламыздан айырылу қауіпі болғандықтан қазір бізді Алматыға жіберіп жатыр. Біздің бір ғана арманымыз бар. Баламыздың өмірін сақтап, аяқтан тік тұрғызу болып отыр. Енді төртінші препаратын алуға біз қорқып отырмыз. Себебі жаңағындай жағдай болғаннан кейін. Бір ғана перпаратты құны бір млрд теңге тұратын препаратты алсақ.

Жалдамалы пәтерде тұратын отбасы тапқанын үнемдеп, көпшіліктен көмек сұрағанымен ондай қомақты қаржыны жинай алмай келеді. Уақыт тығыз сондықтан ұлын тездетіп емдету керек. Баласының болашағына алаңдаған ата-ана енді «Қазақстан халқына» қорына зор үміт артып отыр. Ағалары да Нұртаспен бірге асыр салып ойнайтын күнді тағатсыздана тосып жүр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов