Шымкентте газ таратушы компания өкілдері ТЖД-мен бірге рейд ұйымдастырды

Шымкентте жылыту маусымы басталғалы бері газдан уланудың төрт жағдайы тіркелді. Түтінге тұншығып, алты адам қайтыс болды. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының мамандары осыған орай төтенше жағдайлар департаментімен бірге қауіптің алдын алудың маңыздылығын түсіндіріп, жадынамалар таратып, күнде рейд ұйымдастырып жүр.

Апат айтып келмейді. Газдан улану қаупін болдырмау үшін оның алдын алу маңызды. Өйткені соңғы улану оқиғалары көрсеткендей, тұрғындар газды пайдаланудың қарапайым ережелерін сақтамай жүр. Әсіресе жуынатын бөлмеге газбен істейтін су жылытқыштарын қоюға мүлде болмайды. Осыны ескермеген көп адам жуынатын бөлмеде тұншығып жатыр. Содан кейін тұтынушылардың көбісі газ мұржасын тексеруді мүлде ұмытқан.

- Құрметті қала тұрғындары!

Газ мамандары ұдайы жүргізілетін түсіндірме жұмыстарының нәтижесі тосыннан келетін тілсіз жауды болдырмауға көп көмегін тигізеді, дейді. Сондықтан бұл жолы Мәртөбе шағын ауданына аяқ басып, үйді үйге жадынамалар таратты. Газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуін қадағалау қажеттігін, желдету каналдары мен мұржаның тартуын жүйелі түрде тексеру керектігін түсіндірді.

Бауыржан Байтөреев, "Қазтрансгаз аймақ" АҚ Шымкент өндірістік филиалының апаттық диспетчерлік қызметінің бастығы:

- 10 компания бар. Олар тек осы үй ішіндегі газды қарайды. Газ құбырларын тексеріп, ремонтын істеп беретін компаниялар. Және дымоходты тексеретін компаниялар бар. Соларды шақыртып істетіп алу керек негізі.

Кейін білім ұясына бас сұғып, ұстаздармен кездескен газ мамандары жадынамаларды үлестірді. Үйді жылытудың өзіндік талаптары мен жұрттың көбіне ұмыт қалдыратын қарапайым қағидаларын еске салды. Бастысы, әр үйде газдың таралуын сезетін дабылдатқыш құрылғы болуын ескертті.

Гүлнар Әсембекова, №27 Мәртөбе жалпы орта мектебінің ұстазы:

- Газбен уланудың қауіпсіздігі әрине біз үшін өте маңызды. Адам өмірінің қауіпсіздігі ғой бұл жерде. Газбен уланудың салдарынан көптеген адамдар ауруханада жатыр екен. Соның кесірінен зардап шегіп жатыр.

Қарапайым қағиданы ұмыт қалдырудың соңы қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Сақтансаң сақтайды!

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов