Алматылық бағбандар жылыжайда құлпынай өсіріп, өнім ала бастады

Алматы обысының Балпық би ауылындағы бағбандар жылыжайда құлпынайдан жақсы өнім алуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналған азын-аулақ жидекті олар әзірге саудаға шығарып жатқан жоқ. Наурыз айында жаппай өнім бере бастағанда жақын маңдағы елді мекендер мен Талдықорғанға апарып саудаламақ. Бүлдіргеннің 2500 түбі егілген. Шаруа мұндай тың тәсілді алғаш рет қолданып, өз жылыжайында сынақтан өткізіп жатыр. Қазірдің өзінде тамшылатып суару арқылы дәрумендер берілетін әдіс, өзінің тиімділігін байқатты дейді ол. Көлемі ірі әрі суыққа төзімді болып келетін дақыл 12 градус жылылықта жеміс береді. Келешекте шаруа жылыжай ауқымын ұлғайтып құлпынай, қияр, қызанақ, пияз өсіру ісін жандандырмақ. Алайда алға қойған мақсатын жүзеге асыруға табиғи газдың тартылмауы қолбайлау болып тұр. 

Александр Ресников, бағбан:

– Қазір біз жылыжайды электр тоғымен жылытып отырмыз. Сол себепті өнім қымбатқа түседі. Ал табиғи газға қосылсақ әлдеқайда арзан болар еді. Жауаптылар көгілдір отын жеткізіп береміз деп айтты. Соған сеніп отырмыз.