Павлодар облысында ірі қара малдан ауру шықты

Павлодар облысындағы ауданда ірі қара малдан ауру шықты. Зертханалық сараптамаға жіберілген материалдан пастереллёз індеті екені анықталды.

Ауру шыққан шаруа қожалығы карантинге жабылған. Бұл шаруашылықта малдың саны екі мыңнан асады. Мамандар ауру ошағы толық жойылғанын жеткізді. Соған қарамастан оқшаулау мерзімі бір айға созылады.

Жалпы пастереллёз тез таралады әрі дер кезінде тиісті шаралар қолданбаса, малдың жаппай өліміне әкеп соғады. Жұқпалы індеттің қоздырғыштары жануарлардың тыныс алу жолдарының шырышты қабатында болады. Әсіресе, малдың иммунитеті әлсіреген көктем мезгілінде дами бастайды. Пастереллёз жабайы жануарлар мен аңдардан да жұғуы мүмкін.

Бақытжан Әбдірахманов, облыстық Ветеринария басқармасының бөлім жетекшісі:

– Ірі қара мал арасында Павлодар ауданы, Ольгинка ауылында пастереллёз ауруы анықталды. Бұл диагноз ҚР ауылшаруашылық министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің ұлттық референттік орталығының сараптама негізінде қойылды. Сол диагноздың негізінде қазір кешенді сауықтыру жұмыстары өткізілуде. Бұл жұмыстарды республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың Павлодар облыстық филиалының мамандары жасап жатыр.