Алматыда әкесі тастап кеткен екі жасар баланың әжесі табылды

Былтыр қыркүйек айынан бері Алматыдағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында ата-анасын күтіп жатқан екі жастағы баланың әжесі табылды. Ол полицияға өзі хабарласқан.

Бүгін әжей Алматыға келіп немересімен қауышыпты. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты. Полицейлер сәбиді былтыр күзде тауып алып, денсаулығын тексерту үшін ауруханаға апарған. Ол кезде бүлдіршіннің қасында әкесі болған. Әкесі құжаттарын алып келемін деп үйіне кетіп, содан кейін ат ізін салмаған. Аурухана қызметкерлері асырап отырған баланың тағдыры туралы ақпарат бірнеше күн бұрын тарады. Құлағдар болған «Әділ» қоғамдық қоры кеше бүлдіршінді өз қамқорлығына алмақ болып шешкен. Ал бүгін әжесі табылып отыр. Полиция хабарласқан адам баланың нақты әжесі екенін дәлелдесе ғана балдырғанды береміз дейді. 

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

– Көмек көрсетеміз. Бірінші кезекте баланың төлқұжатын ретке келтіру керек. Осы баланың туысы екені нақты дәлелденуі керек. Жалпы баланың өз туған туыстарының, бауырларының арасында өскені, әрине, жақсы. Бірақ бұл ортада балаға ешқандай қауіп төнбеуі тиіс.