Көкшетауда ЖЭС құрылысын жеделдеткен жөн – Депутат

Көкшетауда жылу электр станциясының құрылысын тездетіп қолға алған жөн.

Бүгін сенатор Нұрлан Бекенов премьер-министрдің атына осыған қатысты депутаттық сауалын жолдады. Ақмола облысының орталығында бүгінде құрылыс қарқын алып келеді. Бес жыл бұрын тұрғын үйдің 90 мың шаршы метрі салынса, қазір ол 250 мыңға дейін жетіп отыр. Осы себепті тозығы жеткен жылу қазандықтарына жүктеме шамадан тыс артты. Олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін соңғы үш жылда облыс бюджетінен 3 млрд теңге бөлінген. Суды ысыту үшін көкшетаулықтар арнайы қондырғылар қолдануға мәжбүр. Ал электр қуатының тарифі жоғары. Өзге аймақтардан таралатын электр қуатынан, арадағы делдалдардың кесірінен баға өскен. Қордаланған мәселе жаңа жылу электрлі станциясы іске қосылса ғана шешілмек.

Нұрлан Бекенов, ҚР Сенатының депутаты:

- Бұған дейін премьер-министр бекіткен жол картасына сәйкес, жылу электр станциясының бірінші кешенін іске қосу тек 2026 жылға межеленген. Республикалық жоба саналатын нысан құрылысы созбаққа салынғаны айдан анық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөнінде келісім-шартқа қол қоюдың өзі 2023 жылға жоспарланып отыр. Көкшетаудағы жылу-электр энергиясының тұтыну мөлшері артқанын және энергия тапшылығы туындағанын ескерсек, жылу элеткр станциясы құрылысының мерзімін қысқарту қажет.