Павлодарды қою түтін тұмшалады

Павлодарды қою түтін тұмшалады

Кеше түнде Павлодарды қою тұман басып кетті. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары оның тұман емес  түтін екенін жарыса жазды.

Көпшіліктің шағымы қала әкімін ұйқысынан оятқан сыңайлы. Шаһар басшысы түн ішінде экологтармен бірге стационарлық экологиялық бекеттерді аралады. Жоспардан тыс жүргізілген мониторинг барысында атмосфераға  таралатын зиянды қалдықтардың мөлшері екі есеге артқаны белгілі болды.

Сараптама қортындысына сәйкес, ауада  көміртек тотығы, қарапайым тілмен айтсақ, кәдімгі пештен шыққан түтін тұрған. Бұған дейін синоптиктер  желсіз, тынық ауа райына байланысты дабылды ескерту жариялаған болатын. Мұндай жағдайда ірі кәсіпорындар өндірістік қуаттылықты төмендетуі тиіс екен. Қалыптасқан жағдайды экология департаменті ары қарай зерттемек. Олар бүгін кәсіпорындардың жанындағы санитарлық аймақтарға барып экологиялық бекеттерді тексеруді  жоспарлап отыр.   

Мағзум Қоқымбаев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Бүгін кешкі сағат тоғыздан бастап тағы да бірінші дәрежелі дабылды ескерту жарияланды. Кәсіпорындарға бұл туралы хабарланған. Сондықтан қуаттылық 15-20 процентке төмендеуі тиіс және экология департаментіне белгіленген үлгіге сәйкес қандай шара қолданғандары жайында есеп берулері керек.