Қарағанды облысында мал бағатын жер тапшы, ел уланып жатыр 

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты бірнеше ауылда жайылымға арналған жер қалмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жұрт егінге арналған алқап елді мекенге кіріп кеткенін айтады. Ал оған мал кірсе, бірден айыппұл салады. Егістік алқабын иемденгендер топырақты тыңайту мақсатында құстың қиын таси бастаған. Қолқаны қабатын иіс ауылға тарап кетіпті.

Осыдан бірер күн бұрын Ростовка ауылының тұрғындары «Киров» атындағы өндірістік коперативтің жолын жауып, жүк көліктерінің өтуіне кедергі келтірген. Ауыл халқы бұл шешімге естір құлақ болмаған соң бардық дейді. Себебі ірі құс фабрикалары бар Құрма, Доскей ауылдарынан тиеліп әкелетін камаз-камаз құстың қиы қазір қолқаны қауіп, бір емес бірнеше ауылдың тұрғындарын наразы еткен.

Берік Құрыбаев, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

– Біз нақты білмейміз ғой, тауық па, шошқаның қиы ма? Әйтеуір өте қатты сасып жатыр. Кісілер айтады ана жерде тезекті жеп тауықтар мен түлкілер өліп жатыр деп. Жол бойы шашып, самосвал жүрген кезде, біз жүре алмаймыз, терезені жауып, пешті өшіріп, сондада иіске шыдау мүмкін емес.

Жергілікті әкімдік мәселені экология департаментіне жеткізген. Олар сынама алғанша уақытша жүк тасымалын тоқтатқан. Бірақ кооператив өкілі оны құлағына да қыстырмапты. Әкім болса экология департаменті бұл мәселені бірдеңе ғып қолға алмаса, ауыл азаматтарымен бірге шығып мәселені өзінше шешпек.

Төлеген Ргебаев, Ростовка ауылдық округінің әкімі:

– Тасымалдаушымен бірге ауыл азаматтарымен бірге құстың қиын артып жатқан жерді барып бақылаймыз. Оған түсіндіріп айтамыз, былай жабасың, былай артасың, үстінен артып артуға болмайды деп. Заңға, ережеге сай тасылу керек.

Ростовка тұрғындарының өткір мәселесі жалғыз бұл емес. Көзге күйіктей болған кооператив ауылдағы жайылым жердің барлығын дерлік өзіне қайтарып алған. Салдарынан несиеге алған ірі қараны бағатын жер жоқ. Әкімдік мал ұстап отырған халыққа қазір кемі 32 мың гектар жер керек дейді. Ал ауыл жері 37 мың гектар. Бірақ оның 30 мың гектары өндірістік кооперативке тиесілі. Салдарынан ауылдық округке қарасты 3 бірдей ауыл ұлтарақтай 3 гектар жерге малын сиыстыра алмай әлек.

Мизам Балби, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

– Мал, бұзау мен сиыр түссе де, жылқы түссе де егінге түсті деп айыппұл салады, ал егіні ауылдың ішіне кіріп тұр. Бізге келгенде заң бар халыққа, ал ақшасы барларға заң жоқ. Участковыйы бар, әкімі бар бәрі солардың сөзін сөйлейді, халықты ешкім жақтамайды.

Сұраубай Сиыршыбайұлы, Ростовка ауылының тұрғыны:

– Бүкіл халықтың мойнында несие бар, білесіңдер ғой, ауылды жақсартамыз деді, ал жарайды, 5-10 сиырдан халық мал алды, оның да несиесі бар. Ал енді мал бағатын жер жоқ, оны аспанға баға алмайсың. Мысалы, биыл бір орам шөп 20 мың, бір 18 келі шөп, 1500 теңге болды, 20 келіге жетпейтін кебек 2 мыңның үстіне шықты қазір.

Бұл істе ауыл әкімі түгіл аудан әкімі бас қатырып отыр. Бірақ шешім жоқ. Бір ғана жолы бар, ол малды үйірімен алып ауылдан ондаған шақырым қашықтықтағы жерге бағу. Бірақ бұл ауыл тұрғындары үшін қолайсыз.

Төлеген Ргебаев, Ростовка ауылдық округінің әкімі:

– Бізге 32 мың гектар жер керек. Ол жер резеңке емес оны созып алатын, сондықтан біз мал шаруашылығы мәселесін көтеру керекпіз. Екіншіден, мына ПК иелерімен меморандум жобасы дайындалып жатыр, екі тарап отырып келісім жасап, толық бір мәмілеге келеміз деп ойлаймыз.

Ростовка ауылының тұрғындары шыдамы таусылып, жол жапқаннан кейін аудан әкімдігі назар аударып, жиын өткізген. Бірақ халықтың нақты талаптары шешімін таппайтын сыңайлы. Себебі кооператив ресми жұмыс істеп тұр, сондықтан жерін алып алуға негіз жоқ. Ал құс қиының тасымалдауына да тиым салуға негіз жоқ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев