Түркістандықтар ауыл іргесіндегі кәсіпкердің ісінде шикілік барын айтты

Түркістан облысында балық шаруашылығының бұлыңғыр ісі Таңатар ауылының азаматтарын ашындырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар кәсіпкердің жұмысын жіті тексеріп, құрылысты дереу тоқтатуды талап етті. Өйткені Амур мен Карп тұқымын көбейтемін деген кәсіп иесі қиыршық тас пен құм саудалап жатыр – дейді жұрт. 170 үйі бар ауылдың іргесіндегі алып құрылыс 3 гектар жерді алып жатыр. Тұрғындар қазір күнде жиналып, болашақ балық шаруашылығының аумағын күзетіп жүр. Себебі тіршілігі ауылшаруашылығына байланған жұрттың малы шетінен азайып, адам өміріне қауіп төндіріп отыр.

Ұласбек Төлебаев, Таңатар ауылының тұрғыны:

Бұл енді заңды ма, заңсыз ба осында мал келсе, атады. Мен өзімнің көзім де көрді. Ұстап та алдым. Бірінші қазған апандарында екі туған бауырымның екі жылқысы өлді. Ал енді көріп тұрсыздар, мына көлдің тереңдігі 7-8метр бар. Мал түссе де, адам түссе де өледі. Бұл жерде қоршауда жоқ, басқа да жоқ.

Ал мына құрылыс аумағындағы әуесқой түсірілімнен ауыр техникалардың қиыршық тастарды тасымалдап жүргенін көруге болады. Жасанды көл қазып, құм-тасын саудалауға көшкен пысықайдың ісін тұрғындар осылайша әшкерелемек болған. Сөйтіп оқиға орнына 16 рет полиция қызметкерлерін шақырып, ауыл атынан арыз берген.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жергілікті жұрт карьер деп атап кеткен мына жер телімі ауыл тұрғындарының бас ауруына айналды. Себебі құм-тасы астыртын саудалап, бұлақ суы тартылып кетіпті. Одан бөлек жайылған малды шетінен жайпап, халықтың ашуын шақырған.

Шаруашылықтың иесі мемлекеттен 49 жылға 85 гектар жерді жалға алып, мал шаруашылығымен айналысып келген. Соңғы уақытта балық өндірісіне әуесі ауып, 3 гектарын соған арнаған еді. Құжаттарын заңдастырып, мемлекеттен қолдау тапқанда ісі ілгері баспай-ақ қойды. Жұрттың жайылым жері тарылған соң менің жеріме көзі түсіп отыр – деп есептейді ол.

Абзал Арынбек, шаруа қожалықтың иесі:

Ауылдың малы жайылатын жер емес. Бұл менің шаруашылығымды дамытуға жататын дүние. Ал енді осы күнге дейін малдары жайылды. Мен үндеген жоқпын. Енді бұдан кейін қоршаймыз. Кәдімгідей сым шарбақпен қоршап қоямыз тиесілі жерді. Заңсыз ешнәрсе істеп жатқан жоқпыз. Мынаның тасын алып, анау жаққа төгіп жатыр. Топырақтары да шетінде тұр. Саудаланып жатқан жоқ.

Жергілікті билік өкілдері де бұл баянсыз бастамаға араласып, қазір тексеру жұмыстарын күшейткенін айтады. Тұрғындардың уәжін ескеріп, кәсіпкердің ісін тұралатпау үшін бір келісімге келгендей болған. Бірақ құм-тастың тасымалын өздері де байқапты.

Қайсар Төлеп, Алғабас ауылдық округінің әкімі:

- Аудан әкімі «ешқандай да бір тас шықпасын басында өзің қадағала» деп тапсырғасын, мен талай осы жерде болдым. Оның үстіне бізде кәсіпкерлік бөлімі бар ол жерден де бір маман осы жерге тағайындалған. Мереке күндерде де осы жерге кезекшілікке тұрамыз. Бірақ ұрламалар бар әлде де. Қаншасын қаматтық камаздарды. Видеоға түсіріп, артынан жүріп отырдық. Экология департаментіне де жібердік. 7-8 хат жолдадық.

Жұрттың талабы ескеріле ме, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз. Ендігі дау-дамайдың нүктесін экологтар мен полиция қызметкерлері қою керек. Бірақ шуға айналған аймақты көруге ешқайсысы құмыртып тұрған жоқ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы