Елорданың «Жасыл белдеуіне» 4,5 млн ағаш отырғызылады

Бұл туралы қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева айтып берді.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес елорда жағдайына арналған «жасыл» аймақтың көлемі мың адамға 25 гектар немесе бір тұрғынға шаққанда 250 шаршы метр болуы тиіс. Қазіргі уақытта «жасыл белдеу» мөлшері – бір тұрғынға 139 шаршы метрден келеді. Осы ережеге сәйкес, Нұр-Сұлтанның «Жасыл белдеуі» орманы кемінде 25 мың гектар болуы керек. Бүгінгі таңда қаланы үздіксіз көгалдандырудың жалпы ауданы 14 725 гектарға жеткен және биыл 4,5 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қала шегінде жер телімдері бөлінді, бірақ спикердің айтуынша, олардың барлығы ағаш отырғызуға жарамды бола бермейді. «Елордада ағаштардың жерсіну деңгейі 61%. Ал «Жасыл белдеудегі» ағаштар 91% дейін жерсінеді. Біз қазір зерттеуге тапсырыс беріп, ғалымдарды, биологтарды, топырақтанушыларды және басқа да қызығушылық танытқан тұлғаларды тартқымыз келеді және не қолайлы, не жоқ екенін көргіміз келеді. Егер жерлер жарамсыз болып шықса, бұл учаскелерден бас тартып, басқаларына ауыстыруды сұраймыз», – деді ол қалалық мәслихаттағы есептік кездесуде.