Солтүстік Қазақстанда былтыр жасқа толмаған 74 сәби шетінеген

Өңірде туа біткен аурулардан болатын өлім екі есе өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Нұрлан Жақыповтың айтуынша, 2020 жылы бір жасқа дейінгі 56 бала қайтыс болған, ал бес жасқа дейінгі қайтыс болған балалар саны 87-ге жеткен. 

«Қайтыс болған балалардың бесеуі тыныс алу жүйесі, үшеу қан айналым жүйесі ауруларынан көз жұмды. Туа біткен аурулардан болатын өлім екі есе өскен. Соның жартысы – жүрек-қан тамырлары жүйесінің туа біткен ақаулары. Жүкті әйелдердің есепке кеш тұруынан іштегі баладағы ауру да кеш анықталған. Тағы 11 жағдайда жүрек ақауы тек үшінші скринингте анықталды», – дейді дәрігер. Былтыр үйдегі сәби өлімінің тоғыз жағдайы тіркелсе, 2020 жылы бес дерек анықталған. Бұған алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жеткіліксіз жұмыс атқарылуы себеп. Сондай-ақ дәрігер мысал ретінде ол ЖРВИ-ден болған балалар өлімін келтірді. Мұндай сәбилер ауруханаларда емделуі керек. «Мәселені шешу үшін жүкті әйелдерді облыстық перинаталдық орталыққа дер кезінде скринингке жіберу, патронаж бен оған бақылауды қамтамасыз ету, фертильді жастағы әйелдерді сауықтыру, жүктілікті жоспарлау, бақылау және ерте есепке қою қажет. Пандемияға дейін екі айда бір рет аудандарды аралайтынбыз. Ауылдарда жоқ мамандардан бригада жинап, балаларды тексеретінбіз. Бұл жақсы көмек болды» – дейді Нұрлан Жақыпов. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ауырған балалар анықталып, есепке қойылатын және олардың тізімі орталық аудандық ауруханалардың бас дәрігерлеріне және аудан әкімдеріне берілді. Облысты реанимациялық кеңес беру орталығы жұмыс істейді. Егер бала аудандық ауруханаға ауыр халде түссе, онда тәуліктің кез келген уақытында дәрігерлер кеңес бере алады. 99 % жағдайда дәрігерлер бригадасы жергілікті жерде көмек көрсету үшін жолға шығады. Бұл жұмысты жалғастырып, санавиациямен байланысты қалдыру қажет екенін айтты дәрігер.