Дүкендердегі шын бағаны анықтау үшін «құпия сатып алушы» қағидаты қолданылады

Қарағандыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен жанармай бағасын арнайы мониторинг тобы бақылауға алды. Құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қоғам белсенділері мен әкімдік өкілдері бар. Кейбір сауда және жанармай құю бекеті тексеру кезінде бір баға, ал мамандар кеткеннен кейін қымбат екінші бағаны қойып келген.     

Қарағандылық Людмила Кузьмина тек күйеуі екеуі аптасына 15 мың теңгені азық-түлікке жұмсайтынын айтады. Аз-аздан алып, үнемдеген күннің өзінде қымбатшылық қалтаны жұқартып бітті дейді ол. Қайта жары екеуі де зейнетақы алғанның арқасында қаржысы бір айдан ендігі айға әрең деп жетеді екен.  

Людмила Кузьмина, қала тұрғыны:

- Бір аптада 15 мың теге шамасында жұмсаймыз. 2 литр сүт, жұмыртқа, ет пен көкенісің бар осы баға шығады. Тауықтың еті, сүт қымбаттап кеткен. Көпбалалы отбасылар қалай күн кешетінін түсінбеймін. Өте қымбат.

Мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар қойылған. Әр-бірінің бағасы бекітілген. Осыған қарамастан бағаның арғы жағында тағы бір баға тұрады. Сауда үйінің қызметкерлері еш қымсынбай жаңа баға қойып жатыр. Негізінде тұрақтандыру қорынан жеткізілген тауар бағасының үстемесі 15 проценттен аспауы тиіс.

Надежда Тен, қала тұрғыны:

- Сұйық май бағасы көз ілестірмей қымбаттап жатыр. Біздің отбасы үлкен, 12 адам тұрады, азық-түлікті қап-қабымен аламыз.  Бақылайтын келген кезде тауар бағасын арзандатып қояды да, кеткен соң қайтадан қымбаттатады. Көз бояушылық барып тұрған.

Ирина Мосина, кәсіпкерлік бөлімінің ауыл шаруашылығы және сауда секторының меңгерушісі:

Жергілікті тауарөндірушілермен келісімге қол қойылған. Мысалы 1-ші санатты жұмыртқаның 10 данасы 260 теңгеден сатып алынады. Ал, дүкендерде ол 270 теңгеден сатылып тұр. 1 сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы да 75 теңгеден сатылуда.  Яғни ірі сауда орындарында бұл нанға тіпті баға қосылмаған.

«Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесі осындай бақылауды әркез жүргізіп отырады. Нәтижесінде бағаға бағынғысы келмейтіндерді де жиі анықтап тұрады. Бірақ шағын және орта бизнесті тексеруге қарсы жарияланған мороторий қол байлау.

Малика Күсенбаева, «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

Көз алдымызда бағаны ауыстырып жатқан жәйттар кездесті. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар дүкендерде әлеуметтік маңызды тауарлардың болмауы, тек көкеніс сатып жатқан  жағдай да кездеседі. Негізі заң бойынша олар болу керек. Бірақ, осыған қарамастан тексеру-бақыла у жұмыстары күшейтілетін болады.

Үкімет жанармай бағасын да бақылауға алғаны белгілі. Соның негізінде АИ-92 маркалы бензин 182 теңгеден аспауы тиіс. Алайда, бақылаушыларға жанармай бағасының тұрақсыздығы туралы да шағымдар көптеп келеді екен.

БЛИЦ:

  1. Осы жанармай бекетінде көптен бері баға 186 теңгеден болып тұрған. Бүгін 182 теңгеге түсіпті.
  2. Мемлекет жанармай бағасы бақылауға алынады деген сәттен бастап, басқа өңірлерде арзандап немесе тұрақталған шығар, бізде әлі ондай құбылыс байқалған жоқ. Тексерулер әлі жетпей жатқан шығар деп күдіктенемін.

Бақылауды ұйымдастырған жоба өкілдері барлық ескертпені елемегендерге қатысты шағымды құқық қорғау орындарына жібереді. Кейін жауапқа тарту тетіктерін қарайды. Сондай-ақ алдағы уақытта дүкендердегі шынайы бағаны анықтау үшін «құпия сатып алушы» қағидаты бойынша жұмыс жүргізілмек.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев