Алматыда депутаттар бүлік кезінде жақындары қамалғандармен кездесті

Алматыда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтармен кездесті.

Жиынға шаһардың билік өкілдері, адвокаттар мен құзырлы орган қызметкерлері қатысты.

Депутаттардың сөзінше, бейбіт шеруге шығып, заң бұзбаған тұрғындар жапа шекпеуі керек. «Жақынымыз жазықсыз қамалды» деген ата-аналардың жанайқайы ескеріледі.

Берік Дүйсенбиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің азаматтарымыздың құқығы жерге тапталмауы керек. Заңсыз қудалауға, заңсыз қамалуға немесе заңсыз соққыға жығылған азаматтардың құқығын қалпына келтіруіміз керек. Біздің басты мақсатымыз осы.

Сондай-ақ осы кездесуге «бүліктің кесірінен кәсібіміз тұралап қалды» деген азаматтар да жиналды. Кәсіпкерлер өтемақыны алу кешіктіріліп жатқанын алға тартты. Сонымен қатар осындай қиын сәтте несие алу мерзімінің ұзартылғанын да қалап отыр. Депутаттар бизнес өкілдерінің уәжін тыңдап, бір апта ішінде жауап берілетінін жеткізді.