Зерендіде жерінен айырылып қалған ауыл тұрғындары әділдік іздеп жүр

Ақмола облысындағы үш ауылдың шаруашылық жүргізу мақсатындағы жерлері сатылып кеткен. Тұрғындар кезінде ұжымдасқан шаруашылық құрған еді.

«Бірнеше жылдан бері меншік иесі құқынан заңсыз айырылып, сан соғып отырмыз», - дейді жұрт.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінің өзінде Зерендідегі біз әңгіме еткелі отырған үш ауыл барынша гүлденген еді. Олар шаруашылық құрып, бірлесе мал бағып, егін өсірумен айналысты. 2000 жылдардың басында шаруашылық банкротқа ұшырады. Тұрғындар өздерінің жерсіз қалғанын естіп, қатты күйінді. Содан бері әділдік іздеумен келеді.

Қайырбек Қасенов, Қостомар ауылының тұрғыны:

- Біреудің кесірінен айырылып қалып, түксіз қалып отырмыз. Шенеуніктер келіп, қылмағанды қылып, солар алып қойды. Халықты сорлатып отыр. Күллі документтің бәрі біздің қолымызда. Имущественный пайды да алып қойды, пенсионный фондты да, ол да жоқ.

Тұрғындар қалаға үдере көшіп, жастар жұмыссыз қалды. Осындай келеңсіздікті өз көзімен көрген ауыл ақсақалдары «мұның бәрі заңсыздық пен алаяқтық салдарынан болғанын» айтып отыр.

Алексей Звоновской, Исаковка ауылының тұрғыны:

- Ауыл үшін жер дегеніміз атам заманнан тіршілік жасаудың ең негізгі көзі емес пе еді... Бізді содан айырды, қалай ғана күйінбейсің енді? 738 адамның жер үлесін алып, өзге біреуге заңсыз беріп жіберген. Ал ол адамның бұл өңірге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Кәдімгі заңдастырылған рейдерлік басып алу бұл, одан басқа дым да емес.

Мал бағып, егін өсірумен айналысатын жері болмаған соң ауыл тұрғындарының жағдайы қиындап кетті. Олар ауыл шаруашылығы тауарларының бәрін сырттан сатып алуға мәжбүр.

Мейрамқожа Шоқанов, Исаковка ауылының тұрғыны:

- Жерлерінің бүкіл документі, земельный пай, имущественный пайдың қағаздары кісілердің қолдарында. Ешкім 1 келі жем де алмайды, 1 келі сабан да алмайды, ештеңе де алмайды. Мысалы, Ұялыда 6-ақ үй қалды. 300 үй бар еді, қазір 100-ақ үй қалды Исаковкада. Мында 170 үйдей бар да, қазір 60-ақ үйдей қалды. Міне, соның барлығы жағдай болмағасын көшіп кетіп жатыр.

Міне осылайша аталған ауыл тұрғындарының мәселесі 20 жылдан бері шешімін таппай келеді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері болса, жердің заңды түрде, сот шешімімен берілгенін айтып отыр.  

Әділбек Сыздықаев, Зеренді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы

- Тұрғындар ол жерлерді қайтарып алғылары келеді. Себебі онда әрқайсысының өз үлесі бар. Ал олардың пайлары кезінде акционерлік қоғамдың меншігіне өтіп кеткен. Банкрот болған шаруашылықтың жарғылық капиталындағы дүниемен қарыз өтеледі заң бойынша. Менің ойымша, бұл мәселеде сотқа жүгінген жөн...

Әкімдіктегілер мұндай жағдайдың өңірдегі бір емес, бірнеше ауданда қайталанғанын айтты. Тұрғындар өздерінің меншік иесі екенін дәлелдеп, құқықтарын қайта қалпына келтіру үшін барынша күресіп көрмек. Өйткені бұл жерде өзге емес, алтын бесік – ауылдың тағдыры тұр.

Ардақ Айбарұлы, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный