Елордада ерекше жандар кәсіптің көзін тауып отыр

Кәсіпкер Аягөз Шнайдер «елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы қиын» дейді. Мұның қандай екенін өз басынан өткерген. Сөйтіп өздері ұйымдасып ортақ іске жұмылыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл цехта тек мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Аягөз Шнайдер өзі сияқты тағдырлас жандардың басын қосқан. Осыдан біраз жыл бұрын жолдасынан айырылған ол инсульт алады. Денсаулығы сыр берген қызметкер жұмыссыз қалыпты. Сөйтіп, өмірмен жалғыз күресуге мәжбүр болған.

Аягөз Шнайдер, кәсіпкер:

– Омыртқама операция жасатқан соң жұмыс істей алмай қалдым. Мүгедектігім үшін мені қолдайтындар азайды. Әйтпесе, жылдар бойы жинаған тәжірибем бар ғой. Бала күнімде әжем тігінге баулып еді. Ұсақ-үйектен текеметке дейін тігетінбіз. Әжем «мұның бәрі керек болады» деп отыратын. Айтқаны айдай келді. Бір емес екі жоғары білімім болса да бір сәтте нәпақасыз қалдым. Қиын болды. Қала әкімі Алтай Көлгіновке өтінішімді айтып барып ем, ол тігін цехын ашуға кеңес берді.

Қағілез әйел көп ойланбады. Бірден бизнес негіздерін үйреніп, қажетті жабдықтарды сатып алды. Міне қоластындағы 8 адамға жұмыс беріп отыр. Тігін цехында жұмыс киімдері, эко-сөмкелер, тіпті балаларға арналған киім-кешек тігіледі.

Аягөз Шнайдер, кәсіпкер:

– Этникалық өрнектер мен қазақы оюлар ұқсас келеді. Бірде ресейлік дизайнерлердің бірі соның бәрін үйретуімді сұрады. Өзі маған люневиль тігісін үйретті. Осылай тәжірибе алмастық. Пандемия кезінде маска тіге бастадым. Білгенімді кәдеге жаратудың арқасында пайдалы іспен айналысып жатырмын. Өнімдерге үздіксіз тапсырыс түсіп тұрады.

Тігін цехындағы жұмысшылардың мамандығы әртүрлі. Бірақ диагнозына байланысты ешқайсысы да тұрақты жұмыс таба алмай жүрген. Аягөз Шнайдер олардың қайта оқуына жағдай жасады. Енді көпбалалы ана тігін орталығын ашып, ерекше балаларға тігін тігуді, кесте тоқуды үйреткісі келеді.

Иван Бурец, цех жұмысшысы:

– Мен жүргізушімін. Жұмысшыларды тасимын. Кейде тігуге де көмектесемін. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Құлағы нашар еститін бауырыммен осында жұмыс істеп жатырмыз.

Бүгінде елде 700 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың жұмыспен қамтылғаны аз. Ал осындай тағдырлас жандардың бір-бірін қолдауы сауапты әрі өнегелі іс.  

Авторлары: Мерей Мұратхнқызы, Ырыстанбек Оспанов