ШҚО-да жас кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында қырыққа жуық жас мемлекеттік грант есебінен өз кәсіптерін ашқан. Олар жиһаз өңдеуден бастап экзотикалық жануарларды өсіруге дейін қолға алыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еркебұлан Мұқашев жастайынан ағаштан түрлі бұйымдар жасауды ермек ететін. Осыдан 10 жыл бұрын жиһаз құрастыруды да меңгеріпті. Алғашында өзіне және туыстарына жиһаздар жасап жүрген Еркебұлан кейін кәсібін кеңейтуді жоспарлапты. Сөйтіп екі жыл бұрын мемлекеттік грантқа ие болған. Қазір 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Еркебұлан Мұқашев, Зайсан қаласының тұрғыны:

– 10 жыл болды істеп жатқаныма. Мынадай шкафтар істеймін, үй жиһаздарын, ас үй жатын бөлме шкафтары. Міне, жұмысшыларым бар. Жұмысшыларым істеп жатыр. Күнделікті қандай заказға байланысты жылдамырақ әрі сапалы ғып шығарып береміз. Келешекте мынадан да үлкен цех ашып, көп адам кісі жұмыс істейтіндей кеңейтсем деген ойларым бар.

Серік Таусаров, Зайқан қаласының тұрғыны:

– Еркебұлан бауырымыздың 7-8 жылдай болды клиенті болып жүргенімізге. Осы баланың ашқан осы бұрыштағы мебель шығаратын цехы. Жүктерін алып, клиенттерге тасып жүрген адамның біреуімін. Сапалы, жақсы. Өздері істейді. Тапсырысты уақытында орындап береді. Қазір, міне, ас үйдің жиһазын әкетіп барамын.

Зайсандық Жанбота Құрманбаеваның негізгі мамандығы – есепші. Бірақ жаны қалаған жұмыспен айналысуды жөн санап, өзінің жеке кәсібіне бет бұрған. Тұрғындарға шаштараз қызметін ұсыну үшін мемлекеттен алған 583 мың теңге гранттың көп көмегі болды, дейді жас кәсіпкер.

Жанбота Құрманбаева, шаштараз:

– Грант туралы естіп, тізімге тіркеліп, оқып, қайтарымсыз 583 мың алдым. Сапалы зат алу үшін қаражат та қомақты болу керек. Сонда жұмыстың да сапасы болады. Сол себепті грантты алдым да, заттарымды алдым. Үкімет тарапынан тағы да көмек болғанын қалар ем. Себебі шаштараз ашсам деп ойлаймын. Келешекте ерлерге арналған үлкен қалалардағыдай барбершоп ашу жоспарымда бар.

Былтыр Зайсан аудандық жұмыспен қамту бөліміне 85 жас өз кәсіптерін ашу үшін өтініш білдірген. Оның 38-і қайтарымсыз грант алыпты.

Ерболат Кәрімов, Зайсан аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы:

– Жастардың көбі қазір жаңа бизнес-идеялары дамып жатыр ғой. Торттардан, ірі-қара малдарын өсіруден бөлек, түйеқұс өсіріп отырғандар бар. Африканский тауықтар өсіріп отырғандар бар. Одан бөлек, халыққа қызмет етемін деп, телефон, телевизор жөндеп, сондай қызмет көрсететін жастардың саны көп.

Айта кетейік, биылдан бастап жеке кәсіп ашу үшін берілетін мемлекеттік грант мөлшері өспек. Кәсіпкерлердің алатын қаражат көлемі 200-ден 400айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов