«Қазақтың ұлы адамдарының ең соңғысы еді». Әлемге әйгілі қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті

Қазақтың абызы, Қазақстанның халық жазушысы және Еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісов 98-ге қараған шағында өмірден озды. Әйгілі «Қан мен Тердің» авторы 1924 жылы Арал теңізінің жағасында Үшкөң ауылында дүниеге келген. 1941 жылы майданға аттанып, елге тек, 5 жылдан соң оралды. Сол бетте майданда бастаған Курляндия романын, жаза бастайды. Кейінде жазған талай дүниесі 30 шақты, шетел тіліне аударылған.

«Адамзаттың басынан өткен небір сұрапыл дәуірлерді тәнімен де, жанымен де сезінген Алып Жүрек ғасырға жақындап барып тоқтапты». Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейсісов туралы қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов осылай естіртті. Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетін әлемге танытқан абыз адам. Оның «Қан мен тер» трилогиясы 48 тілде жарыққа шыққан. Романның соңғы нұсқаларының бірі Америкада басылды.

Дулат Исабеков, жазушы:

– Қазақ әдебиеті үшін, қазақ мәдениеті үшін, қазақ рухы үшін Әбдіжәміл Нұрпейісов біздің бәйтерегіміз еді, біздің алып еменіміз еді. Қайда барсақ та, Әбекеңді бетке ұстаушы едік. Қазақ сөзінің ең қызғанышпен қарайтын сақшысы еді. Бір сөзің ағат кетсе, кешірмеуші еді. Ұрысушы еді және өзіне де солай қараушы еді. «Қан мен тердің» 17-ші нұсқасын жасау тек Әбекең сияқты адамның қолынан келеді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері – Аралға арнады. Өзінің философиялық толғамдарында ол адам мен табиғаттың байланысын терең суреттеп, жазбаларын Арал проблемасына арнап келді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстанның Халық Жазушысы, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты:

– Жарға соғып, жататын жарықтық кәрі Арал теңізі анау. Суы тартылып, түбі көрініп жатыр. Сонау Македонскийдің Шыңғыс ханның заманында «Жойқын» деп аталып, қайық салса, алды-артына қаратпай шапқан аттай жүріп ала жөнелетін Әмудария болса, оны да құдіреті жүріп тұрғандар құба далаға теріс ағызып жіберді.

«Не жазсам да халық үшін» деп қаламын тербеген Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парызын» орындап кетті. Әлемге әйгілі қаламгер 97 жасында дүниеден озды. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған тұлға халық жадында мәңгі сақталады.

Дулат Исабеков, жазушы:

– Ал енді, Әбеке, қайыр қош. Баяғы қазақтың ұлы адамдарының ең соңғысы едің. Енді өзіңіз де солардың соңынан аттанып бара жатсыз. Артыңызда еліңіз бар. Қазақ халқыңыз бар.

Ғазиза Мұхамеджанова, Алмас Сәдуақас