Президент Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жақындары мен туыстарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Президент басасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те жазды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Әбдіжәміл Кәрімұлының сұрапыл соғысты бастан кешкенін, елге оралған соң қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосқанын атап өтті.

«Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына әдеби мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», - делінген Президенттің жеделхатында.

Бұған дейін 97 жасында жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болғаны хабарланған еді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов естіртті.